Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент қоғамға қажетті реформаның үшінші пакетін ұсынды - саясаттанушы

2021 жылдың 15 қаңтар 2021 12:58

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында айтқан ұсыныстарына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент бүгін қоғамға қажетті реформаның үшінші пакетін ұсынды десек болады. Мысалға партиялардың Парламентке өту шегін 7-ден 5%-ға түсіру - елдегі саяси партиялар арасындағы бәсекені күшейтеді деп есептеймін. «Ауыл» мен «Адал» партиясы осы сайлауда өте алмай қалды. Олар үшін бұл жаңа мотивация болады деп сенемін», - дейді Бауыржан Серікбаев.

Сонымен қатар, саясаттанушы ауыл әкімдерінің сайлауы үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

«2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау процесі іске қосылады. Бұл да елдегі әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бәрі сәтті іске асатын болса, бұл Қазақстанды демократияландыруды, халықтың сайлауға деген белсенділігін арттырады. Президенттің бүгінгі ұсыныстары, реформалар пакеті - қоғамның сұранысына сай келген бастамалар деп есептеймін»,- дейді саясаттанушы.

Еске салсақ, бүгін жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясы өтті. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады.


Жоғары қарай