Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Президент кәсіпкерлердің негізсіз қудалануын сынға алды

2022 жылдың 19 мамыр 2022 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтау қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы тепе-теңдік қатаң сақталуы тиіс. Ол үшін келесі қадамдарды жасау керек. Бірінші, бақылаушы органдар қызметінің репрессивтік сипатын төмендету жөніндегі жүйелі шаралар талап етіледі. Негізсіз қудалау, құқық қорғау органдарының қысымы әлі де бар деген көптеген дабыл қағылып жатыр», - деді Президент.

Айтуынша, кейінгі бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл - тұтас 2021 жылғы көрсеткішпен шамалас. Аталған фактілер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға итермелейтінін білдіреді.

«Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау және әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізу фактілеріне жол бермеуді қатаң бақылауы қажет. Кәсіпкерлерді күдікті ретінде тану тәжірибесі де кең таралған, ал іс жүзінде бұл - жай ғана мүліктік даулар. Қазіргі уақытта кез келген тіркелген өтініш автоматты түрде қылмыстық іс қозғауды білдіреді. Бұл кәсіпкердің қызметін, инвестицияларды тоқтатады, іскерлік беделге нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл - кездейсоқтық емес, құқық қорғау органдарының теріс пиғылды қызметкерлерінің мүддесі үшін жұмыс істейтін жүйе. Мұндай мысалдар аз емес», - дейді Қ. Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдары ең алдымен, алаяқтық фактілерін ашуға, қаражатты жылыстату, заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру, қаржы пирамидаларын құру мәселелеріне баса мән беруі керек. Көлеңкелі экономикамен батыл күресу қажет.

«Біз азаматтық тексерушілердің қызметін қатаң реттедік. Тәуекелдерді басқару жүйесі, тексеру парақтары, профилактикалық бақылау енгізілді. Неліктен бұл құқық қорғау органдарына қатысты жасалмайды?» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай