Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент инвестицияның құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды

2021 жылдың 3 наурыз 2021 20:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің инвестиция тартудың жаңа тетіктерін қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс кездесуіне қатысты.

Осы жиында Мемлекет басшысы Үкіметтің инвестиция тартудың жаңа тетіктері ұсынылған баяндамасына, оның типтік келісімшарттарды жетілдіру бөлігіне баса мән берді.

Президент бұл ұсыныстарды қолдап, инвестицияның құқықтық тұрғыдан қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, қажет жағдайда инвестициялық жеңілдіктер жасауға тиісті механизмдердің бәрін мұқият пысықтау қажеттігін айтты.

– Барлық жобаның геологияға, нарықтан шалғай орналасуына, мұнай түрлеріне байланысты өз ерекшеліктері болғандықтан, «біркелкі әдістен» қашуымыз керек. Үкімет жобаларды күрделілігі мен маңызы бойынша жүйелеп, оларды реттеудің және қолдаудың тиісті тетіктерін айқындауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке жұмыс тобының келесі отырысына жетілдірілген типтік келісімшарттық механизм әзірлеуді тапсырды.

Бұдан бөлек Президент көмірсутегін қайта өңдеуде инвестицияны реттеудің заманауи және оңтайлы тетігін әзірлеу қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы жергілікті өнімді арттыру мәселесіне арнайы тоқталды.

Бұл ретте ол технология трансфертін және өндірісті бір жерге шоғырландыруды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар әзірлеу жөнінде Үкіметке берген тапсырмасын еске салды.


Жоғары қарай