Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Президент денсаулық сақтау саласындағы жүйелі қателіктерді ашық айтты – сарапшы

2020 жылдың 8 шілде 2020 23:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқасаңыздар, Президент мәселеге келгенде проблеманы ашық мойындайды. Бұрынғыдай «Бізде бәрі жақсы» деген белден басу жоқ. Естеріңізде болса сайлаудан кейін Қазақстан халқының кедейленіп кеткенін ашық айтты. Артынша несиені де кешірді. Табысы көптер көп салық төлесін, кірісі аздар аз төлеуі қажет деп әлеуметтік әділеттілік туралы да оң бастамалардың бастауында жүр», - деп жазады Бауыржан Серікбаев Facebook парақшасында.

Оның жазуынша, ең бастысы Мемлекет басшысы бүгін халқы қиналып жатқанда көңілге демеу беріп, денсаулық сақтау саласында жүйелі қателіктер болғанын да ашық айтқан. Бұған қатысты барлық сала жұмыстарына тексеру жүргізетінін, әкімдердің жұмысына көңілі толмайтынын да білдірген.

«Президент қадамдарынан жағдайды бақылап отырғаны, өзгеріске деген құлшынысы байқалады. Тәжірибелі саясаткерлерге тән сабырлық пен ақырындап алға жылжу бар. Президент осылай жиі шығып, тосыннан келген індеттен абдырап қалған халыққа демеу болса дейміз», - дейді Бауыржан Серікбаев.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын.



Жоғары қарай