Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Президент алаңдаушылық білдірген Қостанайдағы қазақтілді бастауыш мектеп қашан ашылады

2019 жылдың 25 қазан 2019 19:13

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласында жаңадан бой көтерген № 28 мектеп-гимназиясына барды. Бұл туралы өңір басшысы Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік тілде оқытатын 900 орындық мектеп, осы жылдың 4 қарашасында ашылады. Айта кетсек, бұл жерде бұрын колледж ғимараты болған. Енді ол Қостанай облысы әкімдігі білім бөлімінің теңгеріміне берілді.

«Мектепті жөндеуге және жарақтандыруға 250 млн теңгеден астам қаражат бөлінді: жергілікті бюджеттен - 160 млн теңге және демеушілік қаражат – 94,7 млн теңге. Жалпы, ғимараттың шатырын, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін, 3 қабатты жөндеуге, сондай-ақ қасбет бойынша жұмыстарға 200 млн теңге жұмсалды. Ал қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыруға 60 млн теңге бағытталды. Мектепті белгіленген мерзімде ашуды тапсырдым», - деп жазды Архимед Мұхамбетов.




Бүгінгі күні химия, физика, биология және робототехника кабинеттері толық жөнделген. Сонымен қатар асханалық, музыкалық және спорт жабдықтары, сыныптарда жаңа жиһаздар орнатылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шілде айында Қостанайда қазақ тілінде білім беретін жалғыз бастауыш мектебінің күрделі жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын.

«Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс», - деп жазған болатын Президент Тwitter-дегі парақшасында.

Кейін осы мәселеге қатысты облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Қайрат Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті.

«Интернетте шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тарап жатыр. Негізі, мәселе жаңа қазақ мектебін көшіруден басталды. Бұл жерде шу көтеріп отырған жұртшылық дұрыс түсінбеген. Біз мектепті жабу емес, оны басқа мекенжайға көшіру туралы ұсыныс айттық. Яғни, бастауыш мектепті Жеңіс-Бородин көшелері қиылысында орналасқан колледжге көшіру туралы бастама көтерілді. Ата-аналардың пікірі ескеріліп, бастауыш мектеп өз орнында қалатын болды. Сондықтан, БАҚ өкілдеріне ресми ақпаратты ғана таратуды сұраймыз», - деген еді Қайрат Ахметов.




Жоғары қарай