Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Прагада «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті

2022 жылдың 24 наурыз 2022 20:59

ПРАГА. ҚазАқпарат – Прагада қазақ ғалымы, ағартушысы, қоғам және саяси қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, сондай-ақ «Алаш» қозғалысының мәдени мұрасына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап алғаш рет чех және ағылшын тілдеріне аударылып, оған қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері мен қазіргі заманғы «Алаштанушы» ғалымдардың еңбектері енді. Қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуды Қазақстан Республикасының Ұлттық аударма бюросы жүзеге асырды.

«Іс-шара барысында қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру мәселелері талқыланып, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктері туралы сындарлы пікір алмасу болды. А. Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының ел тарихы мен ұлттық санасын қалыптастырудағы бірегей рөлі атап өтілді», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Танымал чех ғалымы, профессор Йиржи Шима өз сөзінде: «Мен өз халқым мен елімнің тарихын зерттеп қана, өткен ғасырдың соңында жаңадан пайда болған тәуелсіздіктің ерекше құндылығын түсіне бастайтындығыма сенімдімін», – деп атап өтті.

Кездесуге қатысушылар ұлттық тарихты жан-жақты және терең зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық тараптан онлайн форматта «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сатай Сыздықов, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Зәуреш Сақтағанова, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Алтайы Оразбаева қатысты.

Қазақстан Елшілігі Карлов университетіне «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітаптарын чех және ағылшын тілдерінде сыйға тартты.

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы 2022 жылы аталып өтілетін ЮНЕСКО-ның Айтулы мерейтойлар тізіміне қосылған болатын.


Жоғары қарай