Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Полтораниннің бапкері мәлімдеме жасады

2019 жылдың 5 наурыз 2019 21:41

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алексей Полтораниннің алғашқы бапкері Алексей Наконечный ресми мәлімдеме жасап, отандастарын спортшыны қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА-ға сілтеме жасап.

«Менің шәкіртім жол берген антидопингті ережелердің бұзылуына байланысты барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Кешірім сұрай отырып, бүкіл ел тұрғындарының, ата-аналар мен басшылықтың алдында басымды иемін. 11 жыл бойы Алексейдің алдына бір ғана мақсат қойып, ең ірі сайыстарда ел үшін «алтын» ұтуды міндеттегендіктен, болған оқиғаға өзімді кінәлілердің бірі деп санаймын. «Алтынға» деген ұмтылыс рұқсат етілмейтін әрекетке әкелді. Алексейді тек әділ әрі тәртіпті адам деп білемін. Ол бірінші рет аяғын шалыс басып, тыйым салынған әдісті қолдануға бел шешкенімен, ақырында қабылдамады деп сенемін», - дейді спортшының бапкері.

Алексей Наконечный өз сөзінде ВАДА-ның оң шешімін күтіп отырғанын да жасырмады.

«Барлықтарыңыз Алексейді қолдаңыздаршы, өтінемін. Оған спортқа қайтып келуін, біздің елдің намысын ең жоғары деңгейде ары қарай қорғай беруін, тек адал спортты насихаттап, допингке қарсы күреске қатыса беруін тілеймін», - деді Наконечный.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Австрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстан, Австрия мен Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінгені хабарланған еді. Эстониялық спортшылар Карел Таммъярв мен Андреас Веерпалу, сондай-ақ Қазақстан өкілі Алексей Полторанин Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясынан шеттетілді.

Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты ҚР СІМ орынбасары Ержан Ашықбаев түсінік берген болатын. Ол Қазақстан «әділ спорт» қағидатын ұстанатынын атап өтті. «Допингпен күрес, спортшылармен ашық диалог секілді ұстанымға әрқашан да мән беріп келеміз. Біз таза спортқа, сондай-ақ біздің барлық спортшылар үшін бірдей жағдай жасауға екпін қоюдамыз. Қазақстан ЮНЕСКО-ның тиісті конвенциясына қосылды және барлық осы стандарттар пысықталуда», - деді Е. Ашықбаев.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай