Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Полиция елордада карантин режимінің сақталуын қалай қадағалайды

2020 жылдың 15 сәуір 2020 17:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантин режимі жария етілгеннен бері полиция қызметкерлері қауырт жұмысқа кіріскен.

Олар әскери қызметшілерін жандарына ертіп қала көшелерін шолып, бейсауат жүрген тұрғындарға карантин режимінің талаптарын түсіндіріп, тәртіпке бойұсынбағандарды жазаға тартуға мәжбүр. Бүгін БАҚ өкілдерімен қатар ҚазАқпарат тілшілері де қала көшелерін шолуға шыққан полиция қызметкерлерімен бірге рейдке қатысып қайтқан еді.

Тілшілер ілескен Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Марат Өмірбаев жол бойы біздерге күнделікті жұмыстары жайында ақпарат беруге тырысты.





«Нұр-Сұлтан қаласының аумағында күнделікті тәулік бойы режимде қоғамдық тәртіпті қорғау, карантин режимін сақтау мақсатында аула аумақтарында, көшелерде жаяу жасақ шолып шығады. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті қала аумағында коронавирус індетінің таралуына жол бермеу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», - деді ол.

Полиция қызметкерлері күнделікті қала аумағындағы жұмысына кіріспестен бұрын топқа бөлінеді. Топта бір полиция қызметкері мен 2 әскери қызметші болады. Оларға қала аумағында арнайы бөлінген аумақтағы қоғамдық тәртіпті, карантин режимінің сақталуын қамтамасыз ету жүктелген. Қолдарында арнайы журнал мен планшет бар. Топ көшеде, аулада бейсауат жүрген адамдарды тоқтатып, не мақсатпен, қайдан келе жатқандарын, қайда бара жатқандарын анықтауға тырысады. Олардың аты-жөндерін журналға не болмаса бірден планшетке түсіріп алады. Жалпы қала бойынша 26 мобильді пост орнатылған.





«Барлығын да қадағалап отырмыз. Айталық, бір адам Сарыарқа ауданында тұрғанымен Алматы ауданында жүр делік. Ал оған рұқсат жоқ. Сол себепті тұрғынның деректерін жазып алып, мәліметтер базасынан тексереміз. Бірінші жолы кезіккенде түсіндіреміз, айтамыз. Өзіміз үшін керек шара екендігін түсіндіруге тырысамыз. Әрине, бұлқан-талқан ашуланып, тәртіпке бағынғысы келмейтін адамдар да кезігіп жатады. Ондай сәтте бағынбаса, барынша қарсылық танытқа әкімшілік сипаттағы шара қолдануға мәжбүр боламыз», - деді Марат Өмірбаев.

Карантин кезінде қойылатын талап та, талапқа бағындайтындарға берілетін жаза да қатаң. Бейсауат көшеде қыдырамын деп 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл алып, тіпті бірнеше тәулік күніңізді темір торда өткізуіңіз бек мүмкін. Айталық, тұрғынның көшеде аса қажеттілік болмаса да жүргені анықталатын болса, онда ол ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Ал бұл бапта жаза басқан жанға 10 айлық есепті көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған.





«Жедел штабтың шешімі бар. Онда карантин режимін сақтау тізілімі нақты көрсетілген. Яғни, азаматтар үйлеріне барынша жақын орналасқан дүкенге ғана барулары тиіс. Әрине, түрлі жайттардың да орын алатындығын білеміз. Мәселен, сіз бір ауданда, ал ем алып жүрген тіс емханаңыз басқа ауданда орналасқан делік. Мұндай жағдайда сіз сол емханадан емделіп жүргендігіңіз туралы анықтамамен оған еш кедергісіз бара аласыз», - деді полиция полковнигі.

Жалпы, рейд барысында тұрғын үй аулаларындағы балалар және спорт алаңдарында ойын қызығына берілген балалар көзге түскен жоқ. Дегенмен, шолғыншы полиция қызметкерлері кездескен тұрғындарға карантин кезінде қандай қауіпсіздік шараларын ұстану керектігін барынша түсіндіруге тырысты.



































Жоғары қарай