Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Полиция Бәйдібек ауданында жоғалған жасөспірімді Шымкенттен тапты

2020 жылдың 15 қаңтар 2020 10:07

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бәйдібек ауданының полицейлері атасына ренжіп Шымкент қаласына кетіп қалған жасөспірімді тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне түнде сағат 22:00-лер шамасында 2007 жылғы жасөспірім үйінен шығып кетіп, оралмағаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Шағымданушының айтуынша 13 жастағы жасөспірім сол күні түсте атасымен сөзге келіп қалып, үйінен шығып кеткен.

Полицейлер баланы табуға тез арада іске кірісті. Көрген-білгендерден сұрастырып, жақын маңдарды аралап, баланың баруы мүмкін деген жерлері мен таныстарына сұрау салды.

1 сағаттан соң тергеу барысында жасөспірімнің Шымкент қаласындағы әкесінің үйіне барғаны анықталды. Сондай-ақ, жоғалған 6 сынып оқушысының ата-анасы осыдан бірнеше жыл бұрын ажырасқаны белгілі болды.

Осылайша жасөспірімді алып келу мақсатында аудандық полицейлермен қатар, мүдделі органдардың өкілдері бірлесіп, Шымкент қаласына жасөспірімнің әкесінің үйіне барды.

«Отбасылық кикілжіңнің салдарынан біраз қиындықтар туындап, баланы бергісі келмеген әкесі үйінде жоқ болып шығады. Алайда полицейлердің мұқият атқарған жұмыстары арқасында бала таңғы сағат 05:00 шамасында туыстарының үйінен табылды. Полицейлер баланы анасына табыстады», делінген хабарламада.

Баланың анасы полицейлерге алғыс білдірді.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға кәмелет жасына толмаған балаларымен дос болып, жиі сөйлесіп отыруға, араласатын ортасын толық біліп, бақылауда ұстауға кеңес береді.


Жоғары қарай