Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Поэзиядан экономикаға: Румыния Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын

2020 жылдың 19 қараша 2020 20:48

БУХАРЕСТ. ҚазАқпарат - 18-19 қарашада Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов Долж облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында қазақстандық дипломат облыс және Крайова қаласының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елшіліктің мәліметінше, Нұрбах Рүстемов Долж облысы жергілікті Кеңесінің Президенті Космин Василемен және префект Никушор Рошкамен кездесуде өңірлік ынтымақтастықты жандандырудың және Қазақстан өңірлерінің бірімен бауырластық байланыс орнатудың жаңа жолдарын талқылаған.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамытуға басты назар аударылды.

Сонымен қатар, Крайова қаласының мэрі Лия Ольгуц Василескумен кездесуде сауда, білім және мәдениет салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды.




Михай Эминеску атындағы Халықаралық академия президенті Иоан Диаконескумен кездесу барысында қазақстандық дипломат румын тарапының екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын атап өтіп, одан әрі жемісті өзара іс-қимылға сенім білдірді.

2021 жылға арналған іс-шаралар кестесі аясында «Абай-Михай Эминеску» халықаралық поэзия фестивалін өткізу, Нұр-Сұлтанда Михай Эминеску бюстін орнату, сондай-ақ Қазақстанда Михай Эминеску поэмаларын аудару және жариялау жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының маңызды пункті - сауда-өнеркәсіп палатасы мен өңірлік бизнес қоғамдастық (Ade Gas, Topges Proiect және басқа) өкілдерінің қатысуымен «Invest in Kazakhstan» дөңгелек үстелін өткізу болды.

Іс-шара барысында елші перспективалық инвестициялық жобалар мен АХҚО қызметін таныстырып, Қазақстан экономикасының басым секторлары туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін жандандыру жөнінде пікір алмасылды.




Осылайша, кәсіпкерлердің екіжақты сапарларын ұйымдастыру және 2021 жылы Қазақстан-Румыния бизнес-форумын өткізу жөнінде уағдаластық жасалды.

Сондай-ақ, Крайова қаласындағы индустриалды паркін аралау барысында бас директор Ионуц-Космин Пырвулеску парктің қызметімен таныстырып, отандық және шетелдік компанияларына жасалған қолайлы жұмыс жағдайы туралы хабарлады (қазіргі уақытта 48 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде).

Өз кезегінде елші осындай индустриялық парктерді құрудың және олардың жұмыс істеуінің қазақстандық тәжірибесі туралы айтып берді.

Айта кетейік, Долж облысы Румынияның Олтения тарихи аймағының оңтүстік-батысында орналасқан. Халық саны - 750 мың адам.

Экономиканың негізгі секторлары - ауыл шаруашылығы, ауыр өнеркәсіп, тоқыма, механикалық бөлшектер мен жинақтауыштарды дайындау және басқалар.








Жоғары қарай