Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Петропавлдық жігіт шеберхана ашып, темір-терсектен кәдесый жасауды қолға алды

2019 жылдың 6 қазан 2019 01:44

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны Әлішер Хамзин мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз кәсібін ашып, темір-терсектен бірегей кәдесый жасай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түрлі бұрандамалар, шайбалар мен гайкалар, сымдар мен шынжырлар – іске ұсақ-түйек темір-терсектің бәрі жарай береді. Шебердің қолына түскен бөлшектер бірер сағаттан кейін әдемі бұйымға айналады. Жалпы, Әлішер Хамзин кәдесыйдың біреуін жасап шығуға шамамен 30 минуттан, жұмыстың күрделілігіне қарай бірнеше сағатқа дейін жұмсайды екен.

«Бірінші кезеңде жасайтын затыңа қарай бөлшектерді таңдап алу қажет. Мысалы мен сарышаян пішінін жасамақ болдым. Ол үшін автокөлік немесе велосипедтің шынжырын аламын. Тазалап, балқытып-біріктіріп, артық жерлерін кесіп алып тастаймын. Ең соңында сырлаймын», - дейді Әлішер Хамзин.

Металл пішіндердің ішінен жануар-жәндіктерден басқа түрлі маман иелерін көруге болады. Қармақ салған балықшы, фотоаппаратын қолға алған фотограф, барабаншы, гитарист, гір көтерген спортшы – шебер бүгінде фигуралардың отызға жуық түрін жасайды екен.

Әдетте қытайлықтар жұрттың идеясын жүзеге асырса, бұл жолы аспанасты елінде жасалған мотоциклдің шағын пішіні Әлішерге ой салыпты. Осылайша, бизнес-жоба туған. Жас жігіт оны жүзеге асыру үшін «Бастау» мемлекеттік бағдарламасына жүгінеді. Арнайы курстан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қайтарымсыз грант алады. Арманы орындалып, шағын шеберхана ашады. Қазір өзі сияқты жастармен кәсіпті дөңгелетіп жатыр.

«Менің негізгі мамандығым – экономист. Қазіргі ісімде бұл білімімнің де көмегі бар. Мұндай кәдесыйларды Петропавлда ғана емес, Қазақстан бойынша жасамайды. Біз алғашқылардың бірі болып аштық», - дейді кәсіпкер.

Кәдесый жасауды темірден бастаған Әлішер болашақта өндіріске ағашты, әйнек пен сазбалшықты енгізбек. Ал кәдесыйларды туристердің қызығушылығын тудыратындай қазақы нақышта орындауды жоспарлаған.

Жоғары қарай