Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 380.19
EUR 419.01
RUB 6.08
CNY 54.81

Петропавлдағы ардагерлер хоры 35 жылдық мерейтойын атап өтті

2019 жылдың 29 қазан 2019 22:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында 1984 жылы құрылған еңбек және соғыс ардагерлерінің халықтық академиялық хоры 35 жылдық мерейтойын сахнада, көрермендерінің арасында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бастапқыда хор құрамына негізінен Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері кірді. Өнер ұжымы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, концерттік бағдарламамен облыс аумағында ғана емес, ел бойынша гастрольдік сапарларға шықты. 2010 жылы ардагерлер хоры астанада Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Олар түрлі қалалық, облыстық байқаулардың лауреаттары.




«Бүгінгі мерейтойлық концертте біз тек өзіміздің 7 әнімізді орындаймыз. Бірақ репертуарымыз үлкен. Бұрын тек соғыс, жеңіс туралы ән шырқасақ, қазір басымдықты классикалық жанрға береміз. Хор құрылғалы оның құрамы бірнеше рет ауысты. 90 адамға дейін жеткен кездеріміз болды. Қазір ұжымда 32 адам бар», - дейді ұжымның көркемдік жетекшісі Иван Мищенко.




Иван Мищенконың айтуынша, хорда ән айтатындардың 8-і кәсіби музыкант. Иван Алексеевичтің де негізгі мамандығы музыкамен байланысты. Ол М.И.Глинка атындағы Новосібір консерваториясын хор ұстазы мамандығы бойынша бітірген. 1995 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен оған ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.

Қазір ардагерлерінің халықтық академиялық хорының репертуарында 40-тан астам ән бар. Олар: «Қазақстаным менің», «Смуглянка», «Танец в городском саду», «Шолпан», т.б. әндер.

«Хордың мүшелері шетінен өнерлі, басқаларға үлгі боларлық жандар. Үйлерінде, немере-балаларының жанында отырып қалмай қоғамдық істерге белсене араласады. Еңбек ұжымдарында, оқу орындарында концерттер қояды. Жастарының ұлғайғанына қарамастан облыстың аудандарына, көрші өңірлерге гастрольдік сапарлармен шығып жатады. Бүгінгі мерекелік кешке басқа да ардагерлерден құралған ансамбльдер қатысып жатыр. Оларға да ардагерлер мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында құрмет көрсетіп, еңбектерін бағалап жатырмыз», - дейді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сара Тасеменова.

Мерейтойлық кешке келген көрермендерден залда ине шаншар жер болмады. Халықтық хор құттықтай келген қонақтарға репертуарларындағы көпке танымал әсем әндерді ұсынды.







Жоғары қарай