Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда жатақханада болған жарылыста жарақат алған екі жігіттің беті бері қарады

2021 жылдың 3 наурыз 2021 17:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жатақханада болған жарылыс кезінде екі жігіт ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімшесіне түскен. Отадан кейін олардың жағдайы жақсарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге салайық, 21 ақпан күні Петропавлдағы жатақхананың бірінші қабатында газ баллоны жарылды. 2 адам мерт болып, 15-і түрлі дене жарақатын алды.

Ауыр жарақат алған екі ер адам Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Екеуі де 1997 жылы туған. Біреуінде ашық бас-ми жарақаты болып, төбе сүйегі сынған, оған қосымша жарылыс кезінде 5-6 мойын омыртқасы зақымданған. Ал екіншісінде ашық бас-ми жарақатынан бөлек, миы соғылған.

«Екеуінің де жағдайы өте ауыр болды. Бас сүйектері трепанацияланды. Мидың ішінен қанды ісік алынды. Мойын омыртқасы синтезделді. Одан кейін 10 күннен артық уақыт өтті. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы», - дейді СҚО көпбейінді аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.

Мамандардың айтуынша, бір апта бұрын ғана науқастардың бірі терең ұйқыда жатты. Екіншісі қол-аяғын қимылдата алмады. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Бұл туралы науқастар аурухананың әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, дәрігерлерге алғыс айтты .

«Жарылыстан кейін жарақат алып, облыстық ауруханаға ауыр жағдайда түстім. Аяқ-қолымды қимылдата алмадым. Мені құтқарды. Екі күрделі ота жасады. Қазір өздігімнен отырып, жүре аламын. Қолымды қимылдатамын. Маған қолдау білдірген барлық жандарға алғысым шексіз. Хирургтерге, аурухана мамандарына рахмет», - дейді сырқаттардың бірі.

Айта кетерлігі, сол жарылыста денесі күйіп қалған бойжеткен ауруханада қайтыс болған еді.


Жоғары қарай