Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Петропавлда волонтерлер полицейлерге жоғалып кеткен бойжеткенді табуға көмектесті

2020 жылдың 26 наурыз 2020 20:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда хабарсыз кеткен 18 жастағы қызды полицейлер мен волонтерлер аман-есен тауып, анасына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызының жоғалып кеткендігі туралы Петропавл қаласының тұрғыны 24 наурыз күні арыз берген. Анасы қызының күндізгі сағат 12.00-дер шамасында ешкімді ескертпей шығып кеткенін айтқан. Бойжеткеннің белгілерін, киген киімі туралы полицейлерге мәлімет берген әйел өздерінің былтыр жазда Тараздан Петропавлға қоныс аударғандарын жеткізіпті. Айтуынша, қызы қаланы дұрыс білмейді.

Із-түзсіз кеткен қызды табуға полицияның бірнеше басқармасының мамандары жұмылдырылды. Оларға бұл жолы да Lider.kz волонтерлер қозғалысы көмекке келді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған бойжеткен 26 наурыз күні сағат 12.30 шамасында аман-есен табылды. Ол екі күн бойы Петропавлдың орталық аумағында тұратын таныстарының үйінде болыпты. Полицейлер оны Екінші қалалық полиция бөліміне жеткізіп, анасына табыс етті.

СҚО ПД Криминалды полиция басқармасы мамандарының мәліметінше, жыл басынан полицияға хабарсыз кеткендер жайында 38 арыз түскен. Олардың барлығы табылды.


Жоғары қарай