Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда үй маңынан қарды шығармағандарға айыппұл салынуы мүмкін

2021 жылдың 19 қаңтар 2021 04:21

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер үй-үйді аралап, абаттандыру ережелерін, яғни баспана маңын таза ұстау қажеттігін еске салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтардағы боран коммуналдық қызметтерді, полицейлерді, жеке сектор тұрғындарын әбігерге салды. Учаскелік полиция инспекторлары үй маңындағы тау бой үйілген қарды алғызу үшін, абаттандыру ережелерін түсіндіруге қызу кірісті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторларының басты мақсаты – қалалықтарға үй маңын қардан уақтылы тазалап, шығару қажеттігін түсіндіру. Жеке сектор тұрғындары қарды жолға шығарып тастап жатады. Бұл көлік жүргізушілеріне кедергі жасайды, тіпті жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін. Бұнымен қоса, үйілген қар көктемде еріп, судың баспанаға кіру қаупі бар. Учаскелік инспекторлар кәсіпорын, дүкен иелерімен де түсіндіру жұмысын жүргізеді, ескертіп, хабарламаларды таратады.

Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садуловтың айтуынша, полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабын, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының «СҚО қалалары мен елді мекендерінің аумағын абаттандыру ережелерін бекіту туралы» шешімін басшылыққа алады. Ережеге сәйкес жеке және заңды тұлғалар іргелес аумақты уақтылы тазалауы тиіс.

Былтыр облыс орталығының аумағында абаттандыру ережелерін бұзудың 40 мыңнан астам дерегі анықталды. Жыл басынан Петропавлда 263 ескерту жасалды. Егер бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл салынады.


Жоғары қарай