Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Петропавлда Ұлттық ұлан курсанттарының жаппай улану себебі анықталуда

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 18:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы Әскери интитутының 62 курсанты өздерін жайсыз сезініп, медициналық көмекке жүгінген. Оқиғаға байланысты жоғары оқу орнында қызметтік тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әскери интитуттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 25 қараша күні болған. Жоғары оқу орнының 62 курсанты түнгі сағат 01.30-дан бастап, таңғы сағат 10.00-ге дейін медициналық көмекке жүгінген. Жігіттердің іші өтіп, құсып, ыстығы көтерілген.

Сол күні диагнозды анықтау үшін төрт курсант Петропавлдағы №1 қалалық аурухананың инфекция бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер оларға «астан улану» (тағамдық токсикоинфекция) диагнозын қойған. Қалған курсанттар медициналық көмек алғаннан кейін оқуларын жалғастырған.

Әскери институт өкілдерінің сөзіне қарағанда, асханада «SANZHELI» ЖШС қызмет көрсетеді. Эпидемиологиялық тексеріс қорытындысы жастардың оқу орнының асханасында уланбағанын растады.

«СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бактериологиялық зертханасында институт асханасынан алынған тамақтардың, судың, ыдыстардың үстіңгі қабаттарының сынамасы зерттелді. Асхананың 21 қызметкері мен 300 курсант тексеріліп, олардан инфекция қоздырғышы табылмады. 328 адам, соның ішінде асхана қызметкерлері ішек микрофлорасына тексерілді. Тек екі курсантта ғана энтеровирус анықталды», - делінген ресми ақпаратта.

Мамандардың айтуынша, энтеровирус ішекте кездесетін инфекция. Ауру адаммен байланыста болғандардың 80% дертті жұқтырады. Ол – жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда және ауа арқылы таралады. Дерттің белгілері астан уланғанмен бірдей. Яғни адамның іші ауырады, құсады, ыстығы көтеріліп, тәбеті қашады.

Мәлім болғандай, 24 қараша демалыс күні болғандықтан 2,3 және 4-курс курсанттары жоспар бойынша Әскери институттың автобустарымен кинотеатрға барған. Медициналық көмекке жүгінген 62 курсанттың 12-сі сол күні қалаға демалысқа жіберілген. Қазір курсанттардың қайда және қандай астан уланғаны анықталып жатыр. Жоғары оқу орнында эпидемияға қарсы іс-шаралар толық жүргізілді. Сондай-ақ ауруханаға түскен курсанттар да жазылып, оқуларына кірісті.

Әскери полиция оқиғаның мән-жайын анықтауда, оқу орны да қызметтік тексеріс жүргізуде.

Жоғары қарай