Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Петропавлда тыныштықты бұзған 19 адам жауапқа тартылды

2020 жылдың 7 қаңтар 2020 02:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер жылдың алғашқы бес күнінде 2200-дей қоңырауды қабылдаса, шамамен әр бесіншісінде тәртіп сақшыларының әрекет етуіне тура келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл күндері Петропавлда тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Жолдар мен қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті патрульді полицейлер қадағаласа, шағын аудандардағы тыныштыққа учаскелік полиция инспекторлары жауап берді.

«Петропавлда полицияның учаскелік 13 пункті бар. Оларда 90-нан астам учаскелік полиция инспекторлары еңбек етіп жатыр. Мереке күндері тәртіп сақшыларына тұрмыстық-отбасылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа жол бермеу міндеті тұрды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Әлібек Ғабдуллин.

1-5 қаңтар аралығында қалалық полицияның «102» нөміріне 2198 қоңырау түскен. Оның 458-і бойынша полицейлер мекен жайға шығып, шара қолданды.

Тіркелген құқықбұзушылықтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалға байланысты. Сондай-ақ спирттік ішімдік ішіп, бірнеше күн шулаған көршілерінен мезі болған тұрғындар хабарласқан. Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары тыныштықты бұзып, жұрттың мазасын алған 19 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұлдың көлемі – 5 АЕК мөлшерінде.

Жалпы былтыр тәртіп сақшылары 1710 адамды жауапқа тартса, оның 1329-ы облыс орталығының тұрғындары.


Жоғары қарай