Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда тыл ардагері пәтерінен айырылды

2021 жылдың 13 мамыр 2021 17:59

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны, тыл еңбеккері Людмила Носик 2 бөлмелі пәтерінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туыстары әлеуметтік қызметкерді баспананы сый құжат арқылы өз атына аударып алды деп кінәлауда.

Петропавлдың 83 жастағы тұрғыны, тыл ардагері Людмила Носик қазір туысын паналап отыр. Қартайған шағында далада қалған жайы бар. Әжейдің немересі Наталья Середаның айтуынша, зейнеткердің 2 бөлмелі пәтерін оған 4 ай бойы қызмет көрсеткен әлеуметтік қызметкер сый құжат арқылы өз атына аударып алған. Ал пәтер иесін жекеменшік қарттар үйіне тапсырыпты.

«Әжемнің қарттар үйіне түскені жайлы құзырлы органнан бізге ешкім хабар берген жоқ. Тәтем оны мекемеден алып кетуге барған кезде бұл кісі ауруханада жүрмін деп ойлаған. Қолында азын-аулақ киімі мен жеке куәлігі ғана болған. Қалған өзге құжаттары жоқ. 2 бөлмелі пәтермен қоса әлеуметтік қызметкер шотта жиналған қаржыны да иемденді», - дейді Мәскеуден арнайы келген Наталья Середа.

Людмила Носик 30 жылға жуық теміржолда вагон тексеруші болып жұмыс істеген. Баспананы кезінде жұмыс орнынан беріпті. Күйеуі екеуі екі ұлды өмірге әкелді. Олардың бәрі ерте дүниеден өтіпті. Қазір барлық немерелері Ресейде тұрады. Сол себепті 2017-ші жылдан бастап әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінген.




«Наурыз айының аяғында әлеуметтік қызметкер әжеміздің атынан өзіне сенімхат жасатқан. Осылайша бар қаражатын банк картасынан шешіп алған. Ал сәуірдің басында өзіне 2 бөлмелі пәтерді сый құжатпен ресімдеген.

Бірнеше күннен соң оны қарттар үйіне апарып тастаған. Қазір әжеміз бала секілді, бәріне сеніп қалады. Ол әйел осыны пайдаланып құжаттарға қол қойдырған», - дейді тыл ардагерінің немересі.

Наталья Середа Петропавлдағы жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар бөліміне барды. Полицияға әлеуметтік қызметкердің үстінен арыз түсірді.

«Әлеуметтік қызметкер өздігінен ешкімді Қарттар үйіне орналастыра алмайды. Біздің білуімізше, Людмила Носик өзім барамын деп құжат толтырған. Қазір біз мұның қаншалықты рас екенін анықтаймыз. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары өз кезегінде бұл іс алаяқтық болып табылады ма, соны тексереді», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Жалпы Петропавлда 500-ге жуық жалғызілікті қарт адам тұрады, оларға 78 әлеуметтік қызметкер бекітілген.





Жоғары қарай