Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда сертификатталмаған дәрі-дәрмек сатқан дәріхана анықталды

2020 жылдың 23 қараша 2020 21:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер 56 түрлі дәрі-дәрмекті сертификатсыз сатқан дәріхананы анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңсыз саудаға түскен медициналық препараттарды Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары Петропавлдағы дәріханалардың бірінде анықтаған.

Тәртіп сақшыларына облыс орталығындағы дәріханалардың бірінде сертификаты жоқ дәрі-дәрмектің саудаға шығарылғандығы жөнінде хабар түседі. Тексеру барысында ақпарат расталды, дәрілік препараттардың рұқсат қағазы болмаған. Дәріханадан полицейлер 56 түрлі медициналық препаратты – 2800 пластинаны тәркіледі.

Тергеушілер «Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласының ережелерін бұзу» бабы бойынша дәріхана иесіне материал жинады. Бұл бап бойынша 130-дан 200-ге дейін АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қандай жаза қолдану керектігін өкілетті орган - Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті шешеді.

Бұл дерек «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталып отыр. Операция өткен аптада жүзеге асты. Іс-шараның мақсаты – есірткі және психотропты заттармен, прекурсорлармен айналысуға заңды рұқсаты бар өнеркәсіптік және медициналық нысандарды тексеру. Операция барысында қойма, дәріхана, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен медициналық нысандардың 40-тан астамы тексерілді. Нәтижесінде 11 заңбұзушылық анықталды, оның 5-уі нысандардың техникалық қорғалуына, ал 6-уы фармацевтикалық қызметтің бұзылуына байланысты. Сондай-ақ «Дәрмек» іс-шарасы аясында есірткіге қатысты 15 заңбұзушылық анықталды», - дейді СҚО ПД Есірткі қызетіне қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Жандос Басыбаев.

Мамандардың айтуынша, жалпы жыл басынан облыс полицейлері 400 кг түрлі есірткі затын заңсыз айналымнан алды. Оның 350 кг артығы – марихуана, 1 кг 690 гр – синтетикалық есіртік, 372 гр – героин.


Жоғары қарай