Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда мейрамхана бірнеше той өткізген

2021 жылдың 23 тамыз 2021 21:18

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өткен жексенбіде 70-тен 150-ге дейін қонақ шақырып той өткізгендер анықталды. Енді ұйымдастырушылар да, тойхана иесі де әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, өңірде шектеу шараларына қарамастан той ұйымдастырушылар тыйылмай отыр. Петропавлда және облыс аудандарында мобильді мониторинг топтары демалыс күндері рейдтерге шығып келеді. Нәтижесіз де емес.

Өткен аптада, 16-22 тамыз аралығында СҚО аумағында санитариялық нормаларды бұзудың 24 дерегі анықталды. Олардың әр фактісі бойынша «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бабы бойынша материал жиналды.

Бас санитар дәрігердің талаптарын өрескел бұзу дерегін жексенбі күні Петропавл қалалық мониторинг тобы анықтады. Облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде зейнет демалысына шығарып салу тойы және бірнеше отбасылық мереке ұйымдастырылған. Әрқайсысында дастархан басында 70-тен 150-ге дейін қонақ болған. Нәтижесінде ұйымдастырушылар мен тойхана әкімшілігіне қатысты материал жиналды.

СҚО-да жыл басынан шектеу шараларын бұзудың мыңнан астам дерегі анықталды. Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстары күн сайын өткізіліп келеді.

Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, дәрігерлер және тәртіп сақшылары қауіпті инфекцияны таратпау бойынша ұсынымдар мен талаптарды қатаң сақтауға шақырады.


Жоғары қарай