Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Петропавлда мектеп бухгалтері 700 мың теңге жымқырған

2020 жылдың 10 шілде 2020 22:49

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда № 17 Ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің бас бухгалтері 700 мың теңге бюджет қаражатын қалтасына басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың себеп-салдарын жою мәселесі Петропавлдағы «Antıkor ortalyǵy» сервистік орталығының алаңында талқыланды.

Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде мәлімдегендей, 2019 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Е.В. Гадецкая өзінің қызметтік өкілеттігін жеке мақсатында пайдаланған. Ол жұмыстағы дербес компьютері арқылы «1С Кәсіпорын бюджет KZ» бағдарламасына көрінеу жалған мәліметтер енгізген.

«Е.В. Гадецкаяның пайдасына заңсыз аударуға арналған жалған сомалар көрсетілген тізімді, мекеме есепшісі Г.С. Қангожина басқа төлемдермен бірге директор Л.Ж. Жалмұқанованың бекітуіне ұсынып отырған. Мектеп директорының бухгалтерлік есеп жұмысында жеткілікті тәжірибесі жоқ. Ол ұсынылған мәліметтердің дұрыс-бұрыстығына күмәнданбай, қол қоюға ұсынылған электрондық төлем шотының деректерін бекітіп отырған», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Максим Ганжа.

Сот-экономикалық сараптама қорытындысы бойынша, 2019 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы кезеңде бас бухгалтерге төленуге тиіс жалақы мен Гадецкаяның жеке шотына аударылған қаражат сомасы арасындағы айырмашылық 758 238 теңгені құрады.

Қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Келтірілген материалдық шығынның орны толық толтырылды.

Мамандардың пікірінше, бюджет қаражатының ұрлануына және сол арқылы мемлекетке залал келтірілуіне мектеп басшылығының өз қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болған.


Жоғары қарай