Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Петропавлда қатты желден бір адам жарақат алды

2022 жылдың 6 мамыр 2022 19:01

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда дауыл кезінде ұшқан қаңылтыр қоршаудан ер адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 16.30-дар шамасында жедел жәрдем қызметіне Петропавлдағы «Жас Өркен» ықшам ауданындағы Горький-Жабаев көшелерінде жүріп жатқан құрылыс алаңынан шақырту түскен. Сол жерде жұмыс істеп жүрген 56 жастағы ер адам қатты дауылдан ұшқан қаңылтыр қоршаудан жарақат алған. Салдарынан жұмысшының бұғанасы сынды. Зардап шегуші Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Мамандардың айтуынша, жағдайы орташа, тиісті ем жасалып жатыр.

Петропавл қалалық әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр. Қатты дауылдан орталық алаңдағы флагшток зақымдалып, жалауды шешіп алуға тура келді.

«Бүгін дауылды ескерту жарияланды. Желдің екпіні секундына 27 метрге жетті. Қатты дауылдан бірнеше ғимаратқа зақым келді. Бұдан басқа қала бойынша бірнеше ағаш құлады. Мейрамханалардың бірінің жеке автокөлік тұрағында ағаш құлап, үш автокөлікті зақымдады. Қазір келген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Учаскелердің және ғимараттардың иелері мәселені азаматтық тәртіпте шешеді.

Қазір анықтап жатырмыз. Біздің білуімізше, екі мектептің маңында, бірнеше тұрғын үй ауласында да ағаштар құлаған. Қазір коммуналдық қызметтер көшеге жинауға шықты», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Бұған дейін Петропавлда күн райының бұзылып, дауыл тұрғанын айтқан едік. Салдарынан бірнеше көлікке ағаш құлап, ғимараттарға зақым келді. Әлеуметтік желіде сондай-ақ қатты желден автобус аялдамасының сынған бейнежазбасы тарады.

«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиал мамандары ауа райының бұзылуына Ресейден келген циклонның әсер еткенін айтты. Бүгін түнде өңірде сынап бағанасы -6 градусқа дейін төмендемек. Сондай-ақ ертең 7 мамыр да қолайсыз ауа райы сақталып, дауыл болады деп ескерту жарияланды.


Жоғары қарай