Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда халықаралық қоғамдық қор перинаталдық орталыққа киім-кешек сыйлады

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 12:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «28 ілмек клубы» халықаралық қоғамдық қорының филиалы күні жетпей туған сәбилерге арнап перинаталдық орталыққа киім-кешек жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «28 ілмек» клубы шала туған сәбилерге арнап өздері тоқыған жылы киім-кешекті облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Жиынтыққа көкірекше, бас киім, шұлық-қолғап, комфортер-ойыншық және жамылғы кіреді. Биыл СҚО-да сегіз ай ішінде 287 сәби уақытынан бұрын дүниеге келген екен.

«Күні жетпей туған сәбилерге жылу керек. Олар тоңған жағдайда энергияны жетілуге емес, денесін жылытуға жұмсайды. Сол себепті денелерін үнемі жылуда ұстау қажет. Шала туған балалар жылудың 50% бастары арқылы жоғалтады. Қолғап пен шұлық жылу сақтап қана қоймай, денеге тиіп, массажер ретінде де қолданылады. Сәбилерде тыныс алу жүйесі дұрыс жетілмегендіктен талықсып, дем алмай қалуы мүмкін. Ал тоқыма жамылғы денесін жыбырлатып, оны үнемі қозғалуға мәжбүрлейді», - дейді «28 ілмек» клубының үйлестірушісі Әсемгүл Какпенова.





Петропавлдағы «28 ілмек» клубына 20 адам мүше. Олар 25 пен 53 жастағы әйелдер, көбі – декреттік демалыстағы аналар.

«Клубқа мүше қыздарымызды, волонтерлерді біз перизаттар деп атаймыз. Қажетті жіпті қыз-келіншектер өз қаражаттарына сатып алады. Кейде демеушілер сыйлайды. Әдетте перинаталдық орталықтың дәрігерлері хабарласып, киім-кешек қажеттігін айтады. Біз тоқыған бұйымдарымызды жинап, жуып, апарып береміз. Облыста күні жетпей туатын балалар саны аз. Сол себепті қатты қиындық көріп жатқанымыз жоқ. Бірақ біздің қатарымызға қосыламын деушілерді, тоқыма жіп сыйлауға дайын демеушілерді қуанышпен қарсы аламыз», - дейді клуб үйлестірушісі.





Клуб мүшелерінің бас қосатын арнайы орны жоқ. Жалға алу қымбат. Жазда жиналып киім-кешек тоқу үшін олар табиғат аясына шықса, күн суытысымен дәмханаларды жағалайды екен. Алайда тоқыма жібін арқалаған клуб мүшелерін қоғамдық орындарда жақтыра бермейді.

«28 ілмек клубы» қоғамдық қоры елімізде 2012 жылдан жұмыс істейді. Петропавлда филиалының ашылғанына биыл үшінші жыл. Жалпы, Қазақстанның 15 қаласында және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Украина, Беларусь, Грузия, Латвия және Молдова – барлығы 10 мемлекетте жұмыс істейді.


Жоғары қарай