Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда әзірлік құжатын алмаған үйлер жылыту желісіне қосылмауы мүмкін

2021 жылдың 11 тамыз 2021 21:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда әлеуметтік нысандар қысқы маусымға әзірлік құжаттарын алып болуға жақындаса, көп қабатты үйлерге жауаптылар бұл шаруаны атқаруға асығар емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде қысқы жылыту маусымына әзірлікті пысықтаған жиын өтті.

Петропавл әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, өткен жылыту маусымында тұрғындардан 167 арыз-шағым түскен. Мамандар оның әрқайсысын зерделеп, себебін анықтады.

«55 жағдайда көп қабатты үйлер жылыту жүйесін алдын ала жуып, тазаламаған, олардың қысқы маусымға әзірлік құжаты болмады. 99 жағдайда пәтер иелері жылыту жүйесіне өздігінен өзгеріс енгізіп, ауыстырған.

Салдарынан кей пәтерлерге жылу дұрыс бармай, қыста тоңып шықты. Қазір бұл үйлердің тұрғындарымен жұмыс істеліп, түсіндіріліп жатыр, олқылықтардың орны толтырылады. Үшінші себебі – жылыту жүйесінің ескіруі», - дейді Болат Жұмабеков.

Ескірген жылыту құбырлары мәселесін шешу үшін олар сенімгерлік басқаруға беріліп жатыр. Қала әкімінің айтуынша, 131 нысанның және бұрын иесіз жатқан 10 шақырым желі «Петропавл жылу желілері» компаниясына берілген. Қазір тағы соншасының құжаты әзірленіп жатыр.

Жалпы Петропавлда 1106 көп қабатты үй бар. Соның 593-і, яғни 54 %-ы жылу желілерін жуып, тазалаған. 400-ден астамы әзірлік құжатын алды. Ал облыс орталығында 184 әлеуметтік нысан болса, соның 159-ы немесе 86 %-ы қысқы жылыту маусымына дейін тиісті жұмыстарды атқарды.

«Петропавлда ғимараттардың жылыту жүйесін қысқа әзірлейтін алты компания бар. Олардың барлығында да қазір тапсырыс жеткілікті. 1 қыркүйекке дейін бұл жұмысты барынша жеделдетуге тырысамыз.

Петропавл жылу желілерімен жағдайды сараптадық, биыл жылыту жүйесін қысқа әзірлемеген көп қабатты үйлерге жылу бермеуді ұсынып отырмыз», - дейді Болат Жұмабеков.


Жоғары қарай