Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда әйел интернет арқылы көйлек сатамын деп 265 мың теңгесінен айырылды

2020 жылдың 28 қараша 2020 04:00

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде интернет алаяқтарынан зардап шеккен үш адам полицияға арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 48 жастағы петропавлдық әйел интернетте той көйлегін сатпақ болады. Көп ұзамай «сатып алушы» хабарласып, ақша аудару үшін банк картасын екі жақтан фотосуретке түсіріп жіберуді сұрайды. Әйел келіскен, ал көп ұзамай оның шотынан 265 мың теңге ақшасы жоғалған.

Банк несие беруден бас тартқан 1981 жылы туған тағы бір Петропавл тұрғыны интернетте осындай жағдайда «көмек» туралы жарнамаға тап болады. Алаяқ көрсететін қызметі үшін алатын соманың 10%, яғни 111 мың теңгені алдын ала аударуды талап еткен. Ер адам қажетті соманы жіберісімен-ақ «көмекші» байланысқа шықпай қойған.

Ал Шалақын ауданының 19 жастағы тұрғыны жиған-тергені және анасының ақшасы бар, барлығы - 450 мың теңгесінен айырылды. Telegram мессенджері арқылы хабарласып жүрген танысы қызға пайдалы бизнеске ақша салып пайда табуды ұсынған. Қашықтан білім алып жүрген студент шәкіртақысын жұмсамай жинаған екен. Ол келісіп, бейтаныс адамға 50 мың теңгені аударады. Кейін жәбірленуші өзінің барлық ақшасын және анасының ақшасының бір бөлігін, яғни 400 мың теңгеден астам соманы аударып жіберген. Бірнеше күн ол уәде етілген кірісті күтіп, түспегеннен кейін полицияға жүгінді.

«Қылмыскерлер көбінесе психологиялық қысым жасайды, тез баю мүмкіндігін жіберіп алмау үшін жедел шешім қабылдау керек деп сендіреді. Бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеңіз. Сонымен қатар, біз тағы да банк картасының артында жазылған CVV кодты ешкімге айтпау керектігін еске саламыз. Бұл - құпия ақпарат. Қылмыскер картаның нөмірін және осы кодты біле отырып, басқа біреудің есебінен онлайн-төлем жасауы мүмкін. Мұндай деректерді ешкімге сеніп беруге болмайды», - дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.


Жоғары қарай