Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Петропавлда әлеуметтік желі арқылы есірткі сатқан қала тұрғыны ұсталды

2020 жылдың 13 наурыз 2020 18:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың 28 жастағы тұрғыны «Telegram» мессенджері арқылы синтетикалық есірткі саудалап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары облыс тұрғынынан 500 грамм синтетикалық есірткіні тәркілеген. Бұл аса ірі көлем болып есептеледі. 28 жастағы жігіт есірткіге қатысты қылмысы үшін бұған дейін жазасын өтеген. Тергеу барысында оның 3,5 мың оқырманы бар «Telegram» каналы арқылы сауда жүргізгені анықталды. Синтетикалық есірткіні қаланың ықшамаудандарында алдын ала жасырып, онлайн сатып отырған.

Күдікті өткен бейсенбі күні облыс орталығында есірткіге еліткен күйінде ұсталды. Ол мінген таксиді тексеру кезінде бірнеше орама синтетикалық есірткі табылды. Ал негізгі бөлігін, сатуға дайын тұрған 400 грамм спайсты полицейлер күдіктінің пәтерінен тапты. Сондай-ақ мамандар баспанадан синтетикалық есірткіні даярлауға қажет ұнтақты, электронды таразыны, бөліп-орауға керек материалды, телефон мен ноутбукты тәркіледі.

«Қазір спайсты сату бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұған дейін есірткіні сақтағаны үшін жазасын өтеп, өткен жылдың көктемінде босаған еді», - дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Рахат Нұрахметов.

Полицейлер былтыр күзде Аққайың ауданында есірткі зертханасын анықтаған еді. Жалпы жыл басынан облыстың тәртіп сақшылары есірткі бизнесіне қатысты 37 қылмысты анықтады. Нәтижесінде 1400 грамм түрлі есірткі заты айналымнан алынды.


Жоғары қарай