Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Петропавл тұрғыны полицияға бірден 5 қару тапсырды

2020 жылдың 2 шілде 2020 16:23

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Республикада 1 шілдеде бастау алған тіркелмеген қаруды тапсыру акциясының бірінші күні Петропавлдың 4 тұрғыны полицияға бірден 10 тегіс ұңғылы қаруды өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны полицияға қару-жарақ арсеналын: аңшы мылтығының төртеуін және бір шолақ мылтықты тапсырды. Айтуынша, қару-жарақтың бәрін жаңадан сатып алған пәтердің жертөлесін тауып алған. Бастапқыда ер адам бұл олжаны қайда жіберерін, не істерін білмеген. Аңшы-досы оған полицияға хабарласуға кеңес беріпті. Енді тәртіп сақшылары бұл қару-жарақтың қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеретін болады.




Қала тұрғыны тіркелмеген қару-жарақты тапсырғаны үшін шамамен 300 мың теңгедей сыйақы алуы мүмкін. Нақты төлем сараптама жүргізіліп, мылтықтардың санаты анықталғаннан кейін ғана белгілі болмақ. Жалпы, қару-жарақ үш санат бойынша қабылданады. Біріншісі – ең жоғары санат – қару мінсіз болуы қажет. Екінші санатқа бұрын қолданыста болған, атуға жарайтындары жатады. Үшіншісі – мылтық деген аты ғана бар, яғни, істен шыққан қарулар. Қарудың тегіс ұңғылы немесе иір ойықты болуы да бағаға әсер етеді.




«Қауіпті індетке байланысты дәстүрлі акция биыл қашықтан жүргізіліп жатыр. Қаруды тапсыру үшін полиция бөлімшелеріне келудің қажеті жоқ. 8 (7152) 49-37-43 немесе 8 (7152) 39-48-66 телефон нөмірлеріне хабарласу жеткілікті. «102» нөміріне де телефон соғуға болады. Қаруды да, өтінішті де алу үшін полиция қызметкері өзі келеді», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Тіркелмеген қару қылмыскерлер арасында сұранысқа ие. Акцияның мақсаты – мұндай қарумен қылмыс жасауға жол бермеу. Былтыр акция аясында солтүстікқазақстандықтардың 90-ы 109 қаруды және 5,6 мм 700 оқ-дәріні тапсырды. Оларға 6 млн теңге шамасында төлем жасалды.


Жоғары қарай