Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавл халықаралық әуежайының банкроттығы: Жалақы қарызы қашан өтеледі

2020 жылдың 22 қазан 2020 18:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ-ны банкрот деп тану процедурасы басталды. Жергілікті билік компанияны коммуналдық меншікке алып, мемлекеттік-жекешелік әріптестікке бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асқар Қылышбаев бүгін «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ болашағына қатысты сұхбат берді.

«Кредиторлық қарызға байланысты СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты компанияға жағдайды оңалтуға 1 қазанға дейін уақыт берді. Бұл мерзім өткендіктен, енді банкрот деп тану процедурасы басталды. Істі жүргізу үшін қажет негізі мүлік: қондыру жолағы, терминал, қызмет көрсету техникасы – мұның бәрі қазір Азаматтық авиация комитетінің балансында. Қазір бұл мүлікті мемлекеттік иеліктен СҚО-ның коммуналдық меншігіне беру процедурасы жүргізіліп жатыр. Бұл неліктен істелініп жатыр? Кейін мемлекеттік-жекешелік әріптестікке беріп, инвесторларды тартпақшымыз. Инвестиция кәсіпорынды жаңғыртуға жұмсалады. Бұл – мұндағы көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, нарыққа жаңа «ойыншыларды» әкеледі деген үміттеміз. Материалдық-техникалық база жақсарады, қызметкерлердің еңбекақысы өседі. Бұл іс-шара – Петропавл халықаралық әуежайын сақтап қалу үшін жасалуда», - дейді басқарма басшысы.

Асқар Қылышбаевтың айтуынша, әуежай қызметкерлеріне ай сайын еңбекақы төлеу үшін ғана 5-7 млн теңге керек.

«Әуежай 2014 жылдан жекеменшік компанияда болды. Осы аралықта оның сапасы да, рейстер саны да артқан жоқ. Әуежай шығынсыз жұмыс істеуі үшін айына 64-тен 86-ға дейін рейс жасалуы керек. Қазір бар-жоғы 20 рейс қана жасалады. Яғни, аптасына 3 рейс Алматыға және 2 рейс Нұр-Сұлтан қаласына бар. Рейстердің жетіспеушілігінен кредиторлық берешек қалыптасты, жалпы сомасы 70 млн теңге шамасында. Оның ішінде еңбекақы бойынша қарыз да бар. Қызметкерлердің еңбекақысы ай соңына дейін берілетін болды», - дейді СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асқар Қылышбаев.

Бұған дейін «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ банкрот деп тану процедурасының басталғанын айтқан едік.


Жоғары қарай