Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Петропавл әуежайынан төрт қалаға ұшақ ұшып, рейстер саны ұлғаймақ

2022 жылдың 14 қаңтар 2022 15:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайы жабылмайды. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының алқа отырысы өтті. Ведомство өткен жылды қорытындылап, биылғы басымдықтарды айқындады. Басқарма басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, Петропавл халықаралық әуежайының қордаланған мәселесі шешімін тауып жатыр.

«Былтыр әуежайдың дүние-мүлкі қабылданып, құжаттары дұрысталды, соның ішінде банкрот деп танылған кәсіпорынның мүлкін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Республикалық меншіктен әуежай қажеттілігі үшін мамандандырылған техника тегін алынды. Жұмысшылардың еңбекақы бойынша қарызы толық жабылды. Әуежай үш айға тоқтап, 8 тамыздан бастап жұмысын жандандырған еді. Әуе рейстерін субсидиялау нәтиже берді. Былтыр осы мақсатқа Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан бағыттарына 932 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Тамыз-желтоқсан айларында 16 179 жолаушы әуе тасымалын қолданған. Ал қаңтар-мамыр айында 4038 жолаушы ұшқан, яғни көрсеткіш 4 есеге артты», - деді Мақсат Баяхмет.

Биыл бұл үш бағыттың қатарына Шымкент қаласы қосылмақ. Әуе рейстерін субсидиялауға 1,6 млрд теңге бөлінді.

«СҚО-ны әлеуметтік-экономикалық кешенді дамыту жоспарына сәйкес бюджеттен бөлінген қаржыға әуе рейстерінің саны артады. Нұр-Сұлтан қаласына күнделікті, Алматыға 5 рет, Шымкентке 3 рет, ал Түркістанға аптасына екі рет ұшақ шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласына аптасына 3 рет ұшақ ұшыру бойынша келісім жасалды. Олар кейін жиілікті арттырады. Ал қалған Алматы, Шымкент және Түркістан бағыттары бойынша әзірге әуе компаниялары анықталған жоқ», - дейді басқарма басшысы.


Жоғары қарай