Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодарда жылумен жабдықтауды тұрақтандыру жоспарына жұртшылықтың ұсынысы енгізіледі

2021 жылдың 12 қаңтар 2021 01:32

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жылыту маусымының проблемалары бойынша қоғамдық комиссия құрылып, оған қаланың бұрынғы басшылары, тәжірибелі жылу берушілер, сарапшылар, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары және депутаттар кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Комиссияның алғашқы кеңесі облыс әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен өтті. Әбілқайыр Сқақов қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылардың Павлодардың көп қабатты үйлерін жылумен қамтамасыз етуді жақсарту жұмыстарына қатысу қажеттігін атап өтті.

«Жақында болған апаттар тізбегі қала тұрғындарын жылусыз қалдырды. Шұғыл шаралар қабылдауға тура келді, зақымдануды тез арада оқшаулай алдық, бірақ қатты аяз және эпидемиологиялық жағдайда орын алған оқиғалар көптеген сұрақтар туғызып отыр. Бізге сонымен қатар жағдайды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын енгізетін тәуелсіз қоғамдық комиссия қажет», - деп еске салды облыс әкімі.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманісләм хабарлауынша, жылу беру маусымы басталғаннан бері қаланың жылу желілерінде 14 апат тіркелген. Бірыңғай байланыс орталығына жылумен қамту мәселелері бойынша телефон арқылы 1 600-ден астам өтініш, әлеуметтік желі арқылы 1 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жалпы алғанда Павлодарда жүйелі түрде жылу беру жағынан іркіліс орын алатын 149 үй анықталды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, жылу желілерінің бұрынғы директоры Олег Крук тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жобалау кезіндегі кемшіліктерге тоқталды. Оның пікірінше, ірі құрылысты жоспарлау кезінде жаңа құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені егжей-тегжейлі есептеу қажет. Бірінші кезекте болашақта жаңа тұтынушылар қосылатын магистральдардың учаскелерін жөндеу үшін жылу желілерін қайта жаңартуды жобалау кезінде осындай тәсіл ұсынылып отыр.

«Тұрғын үй қорына және үй ішінде жылумен жабдықтау қалай жүретініне назар аударғым келеді. Менің жылу желілерінің басшысы болған кезімде үлкен апат болғанда, біз бес қабатты үйде қатып қалған тік құбырды кесіп тастаған болатынбыз. Олар толығымен бітеліп қалған болды. Біз тек пәтердегі су құбырын ауыстыратынымызды мойындайық, алайда жылу құбырлары ауыстырыла қоймайды, ал олар ластанып бітеліп қала береді», - деді толықтырды Олег Крук.

Жылу энергетикасы саласындағы сарапшы Алексей Сафарбаков квартал ішіндегі жылу желісінің жай-күйі нашар екенін атап өтті. Оның пікірінше, қатты аяз кезінде жылу тасымалдағыштың температурасын көтеру барлық аудандардағы құбырларға кері әсер етеді. Сондықтан қоғамдық комиссия мүшесі кварталішілік желілерді жаңарту бойынша жоспарды мүмкіндігінше тезірек әзірлеуді ұсынды.

«Бүгінде гидравликалық режимнің және жылу желілерінің жұмысын өздігінше өзгертіп тастайтын тұтынушыларға ықпал ете алмай отырмыз. Орталықтандырылған жүйе болғандықтан, бір тұтынушының жылу параметрін өзгертуі екіншісіне әсер ететінін түсіну керек. Егер бізде шамадан тыс жылытылатын үйлер бар болса, сәйкесінше жылуы жеткіліксіз үйлер де болады. Қаланың кейбір үйлерінде немесе бизнес субъектілерінде температура нормативтік кестеден 10-15 градусқа жоғары, бірақ олардың жылу тораптарына кіру мүмкін емес. Сондықтан шамадан артық жылу тіркелген жылу нүктелеріне кім кіре алатындығын қамтамасыз ететін нормативтік база болуы керек», - деп атап өтті Алексей Сафарбаков.

Кездесу барысында кейбір ПИК-тердің тәртіп бұзушылығы да талқыланды.

«Жақында магистральда апат болған кезде және жылумен қамтамасыз етілмеген үйлер басқа стансаларға ауыстырылғанда, кейбір ПИК-тер шүмектерді ішкі жылу жүйелеріне тастап, жүйенің жұмысын бұзды. Үйлерді жылыту маусымына қабылдау кезінде бұл шүмектер ешқандай жағдайда алынбайтын етіп мөрленуі керек. Жылу сорғыларын орнату жылу жүйесіне де әсер етеді. Біреу осындай сорғыны қосады, ал көрші үй қажетті жылусыз қалады, содан кейін бәрін қалпына келтіру өте қиын. Бұл мәселеде қатаң тәртіп болуы керек», - деді Павлодар облысының құрметті тұрғыны Александр Рюмкин.

Еске сала кетсек, 2020 жылы 27 қараша Павлодардың оңтүстік жылу желісінде апат болғаннан кейін осы ауданда орналасқан 440 тұрғын үй бірден үшінші жылу электр орталығына қосылған болатын.

Оқиға себептерін анықтау үшін энергетикалық қадағалау, төтенше жағдайлар және басқа да органдар жұмылдырылды. Ал облыс әкімі Павлодардың жылу орталығындағы апатты тексеруге тәуелсіз сарапшылар тартуды ұсынған еді.


Жоғары қарай