Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодарда жайылып жүрген иесіз жылқылар жол апатына себепші болды

2020 жылдың 3 тамыз 2020 05:10

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында автокөлік жүргізушісі кенеттен жолға шыққан жылқыларды қағып кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мал иелерінің өз мүлкіне немқұрайлы қарауы көбіне қайғылы салдарға әкеледі. Иесіз мал жол апатына жиі себеп болады.

1 тамыз сағат 00.20-да «Омбы - Майқапшағай» автожолының 537-шақырымында, Аққулы ауылының маңында «Митсубиси Каризма» маркалы автокөлік жүргізушісі кенеттен жолға шыққан жылқыларды қағып кеткен. Көлік салонында екі жолаушы болған. Адамдар зардап шеккен жоқ.

Полиция қызметкерлері төрт жылқыны Аққулы ауданының айып тұрағына қамады. Иесіз жүрген малдың иесі анықталды. Ол - шаруа қожалығының басшысы. Иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, көлік иесі материалдық шығынды өтеу үшін аталған мал иесіне азаматтық тәртіпте сотқа жүгінуге құқылы.

Павлодар облысының автожолдары мен жазғы жайылымдарында полиция қызметкерлері иесіз малды анықтау бойынша тұрақты негізде рейд жүргізеді.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері бақылаусыз жайылып жүрген 8280 малды айып тұрағына қамады. Оның ішінде ірі қара - 4066, жылқы - 1233 және ұсқа мал – 2989.

Облыс аумағында малға арналған 139 айып тұрағы жұмыс істейді.


Жоғары қарай