Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Павлодарда жаңадан ашылған IT мектепте оқуға 260 оқушы ниет білдірді

2021 жылдың 24 желтоқсан 2021 22:41

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Торайғыров университетінің базасында ақпараттық технологиялар саласына қажетті мамандарды даярлайтын оқу мекемесі ашылды. Қазіргі таңда Павлодар облысының 260 тұрғыны жаңа мектепте білім алуға тілек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Павлодар облысы әкімдігінің және Eurasian Resources Group корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылды.

IT-мектепте оқыту ІТ саласының бағыттары мен мамандықтары бойынша жүргізіледі.

Мұнда қысқа мерзім ішінде жеке компаниялар үшін мамандарды даярлап, фриланс бойынша жұмыс істегісі келетіндер оқи алады.

Жаңа оқу мекемесінің тұңғыш білім алушыларын бейіндік министрліктің басшысы Бағдат Мусин бейнеконференцбайланыс арқылы құттықтады.

- IT-мектеп Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ақпараттық технологиялар саласы үшін 100 мың маман даярлау туралы тапсырмасының шеңберінде ашылып отыр, - деді ол. – Қазақстанда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы іске қосылды. Осы жоба шеңберінде Павлодар бірінші болып ІТ-мектеп ашып отыр. Сіздерді осы қуанышпен құттықтап, мектептің ұжымы мен оқушыларына табыс тілеймін.




Аймақ басшысының орынбасары Cәкен Шаяхметов Павлодар облысында ақпараттық технологиялар мен цифрландыру саласын дамытуға бағытталған ауқымды білім берудің ауқымды экожүйесі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

- Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады, сондықтан өңірімізде былтырдан бастап робототехника және ІТ сыныптар ашылған «Заманауи мектеп» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, - деп атап өтті ол. – Мұндай заманауи мектептерде балаларға болашақта қажетті дағдылар үйретіледі. Егер, бала IT саламен айналысқысы келсе, оның бірнеше жолдары бар. Оның бірі келесі жылдың басында ашылатын Ақпараттық технологиялар колледжіне оқуға түсу болып табылады. Қазір колледж ғимаратында жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтар жаңғыртылып, білім алушыларға қосымша сипаттағы дағдыларды үйрету үшін оқу әдістемелері қайта қаралып жатыр. Сонымен бірге, осы жылдан бастап Торайғыров университетінде Computer Science факультеті жұмысын бастады. Бұл оқиға өңіріміз үшін аса үлкен маңызға ие.

Жаңа білім мекемесінің ресми ашылуына Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов пен «BTS Education» компаниясының басшысы Саясат Нұрбек те қатысты.

Құрметті қонақтар бастаушы айтишниктерге мектепте оқуға құқық беретін сертификаттарды табыстады.

Шәкірттер веб-құрастыру, Data Science, 3D-модельдеу, VR-қосмышалар құрастыру, SMM және басқа да бағыттар бойынша білім алады.

Қазіргі таңда мектепте білім алуға 260 тыңдаушы тіркелді.











Жоғары қарай