Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында Қимақ қағанаты кезеңінің қорғандары табылды

2021 жылдың 20 қазан 2021 19:24

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Танымал археолог Тимур Смағұлов пен оның әріптестері Павлодар қаласының оңтүстігіндегі Байдала ауылының маңында қазба жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандық ғалымдар Павлодар облысында жаңалық ашты. Павлодар қаласының оңтүстік шетіндегі Байдала ауылының маңында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тоғызыншы-оныншы ғасырларға жатқызылатын қорғандар анықталған», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасынан.

Археологтардың пікірінше, қорғандар Қимақ қағанаты кезеңіне жатқызылады. Астанасы Имақия қаласы болған бұл алып империя Ертіс маңында орналасқан, деп қосып өтті ведомстводан.

Археологиялық экспедицияның басшысы, Павлодар педагогикалық университетіндегі Марғұлан орталығының директоры Тимур Смағұловтың ойынша, Байдала ауылы маңынан анықталған қимақ қорғандары үлкен ғылыми құндылыққа ие.

Бұл жердегі топырақтың ерекше химиялық құрамының арқасында ағаш бұйымдар, жібек киім, сондай-ақ былғары мен металдан жасалған түрлі заттар жақсы сақталған.

«Бірнеше жыл бұрын қазба жұмыстарын жүргізу кезінде бірегей олжа – «Қимақ арбасы» анықталған. Бұл – Еуразия даласында ортағасырлық көшпенділердің көшпелі үйінің жақсы сақталған жалғыз үлгісі. Биыл Байдала қорғандарынан қимақ жауынгері мен тұлпарының сүйектері және қимақтардың ақсүйек бір өкілінің жерленген орны анықталған. Бұл адамның қабірі бірде бір шеге қолданылмаған, арнайы бұрғыланған саңылау-тесіктердің көмегімен біріктірілген бірнеше ондаған ағаш бұйымдарынан жасалған арнайы жерлеу орнынан тұрады», - деп хабарлады басқармадан.

Бұдан бөлек, бұл жерлеу орны «Қимақ арбасы» сияқты зертхана жағдайындацифрлық ретген және компьютерлік томографияны қолданып одан әрі зерттеу үшін топырақ блогымен шығарылады, деп баяндады басқармадан.

Марғұлан орталығының қызметкерлері скиф-сақтардың жерленген орындарын да зерттеуде.

Мәселен, қорғандардың бірінен ересек адамның сүйектері мен керамикалық ыдыс анықталған.

Олар біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың екінші жартысына жатқызылып отыр.

Қазба жұмыстарына колледж студенттері және павлодарлық мектеп оқушылары да белсенді атсалысуда.

Жас зерттеушілердің пікірінше, бұл олжа қазіргі кезде Павлодар қаласы тұрған жерде көне заманда Қимақтар елі салтанат құрған, Ертіс маңындағы қаған ауласына Қытай мен Таяу Шығыстан керуен келген уақыттың белгісіз парақтарынан сыр шертеді.

«Байдала» қорымындағы қазба жұмыстары Қимақ қағанатының тарихи-мәдени мұрасын: оны сақтау, көбейту және пайдаланылуын зерттеу мақсатымен жүргізіліп жатыр», - деп түйіндеді басқармадан.


Жоғары қарай