Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында киіктерді аулауға тыйым салынады

2021 жылдың 30 қараша 2021 14:47

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында желтоқсан айында киіктерді аулауға тыйым салынады. Ақбөкендерді аулау, мүйізін алу, етін сату сияқты заңсыз әрекеттерге 1-4 млн теңге аралығында айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
- 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бүкіл Қазақстан бойынша «Ақбөкен» акциясының екінші кезеңі басталады. Акцияның мақсаты – киіктер санының популяциясын сақтау, браконьерлікпен күрес және киіктерді, олардың мүйіздерін және басқа да дериваттарын заңсыз өндірумен, өткізумен және сатып алумен айналысатын браконьерлік топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты күшейту, - деді Руслан Төлепбаев.

Қылмыстық кодексте пайдалануға тыйым салынған жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жіберу, тасымалдау немесе жоюға қатысты жаза көзделген. Ақбөкендерді заңсыз аулауға қатысы аталығына – 500 АЕК (1 458,5 мың теңге), аналығына, төліне - 350 АЕК (972,3 мың теңге) айыппұл салынады.
- Ал, ерекше қорғалатын табиғи аумақта ақбөкендерді заңсыз аулағаны, сондай-ақ жануарлардың сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне, яғни Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды жойғаны үшін айыппұл 3 есе ұлғаяды. 1050-ден 1500 АЕК көлемінде, яғни 3-4,4 миллион теңгеге дейін жетеді, - деді Руслан Төлепбаев.

Жалпы, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты заңсыз аң аулау мүлкі тәркіленіп, 6000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі.
Инспекция басшысының айтуынша, қазір Қазақстан бойынша киіктердің саны өсуде.
- 5-6 жыл бұрын Павлодар облысында бір топта 10-15 бас киік жүрсе, қазір 1,5-2 мыңға дейін жетеді. Бүгінде обылста барлығы 8-10 мың бас киік бар. Облысымызда киіктерге қатысты соңғы 6-7 жылда заң бұзушылық тіркелген жоқ, - деді Руслан Төлепбаев.

Киіктерді, аулауға тыйым салынған жануарлардың етін сату, аулау және т.б заңсыз әрекеттер анықталса 87053842131, 607201 немесе 102 нөмірлеріне хабарласу керек.
Айта кетейік, «Ақбөкен» акциясы екі кезеңде өтеді: көктемгі төлдеу кезеңінде 15 сәуірден 15 мамырға дейін және қысқы кезеңде 2021 жылғы 1-31 желтоқсан аралығында.


Жоғары қарай