Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында екі жол апатынан 3 адам қаза тапты

2021 жылдың 13 қыркүйек 2021 12:28

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Екі оқиға да жүргізушілердің көлік жүргізу кезінде ұйықтап қалғанынан болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«7 қыркүйек күні түнгі сағат 03.30 шамасында Павлодар-Қызылорда күре жолының 113-ші шақырымындағы үшінші сорғы стансасының маңында адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы орын алды. Онда «Тойота Камри» көлігін жүргізіп келе жатқан 34 жастағы ер адам жолдағы темір қақпақылдауышқа соғылған соң көлігі қозғалыс траекториясын өзгертіп, «Shengrun» тралын сүйреп келе жатқан «МАЗ» көлігімен соқтығысты. Жүргізуші көлік жүргізу үстінде «ұйықтап қалғандай болғанын» түсіндірді. Жол апаты салдарына «Тойота Камридің» екі жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты», - деп баяндады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Ол аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлімімен (Көлік құралдарын жүргізуші тұлғалардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын жүргізу ережелерін бұзу) сот алдындағы тергеу амалдары басталғанын атап өтті.

Адам өліміне себеп болған тағы бір жол апаты 10 қыркүйек күні түнгі сағат 01.10-да, «Павлодар - Нұр-Сұлтан» күре жолында, Шідерді кентіне жақын жерде болған. «Тойота Камри» көлігін жүргізіп келе жатқан ер адам жол үстінде ұйықтап қалып, қарсы бағытта келе жатқан КамАЗ-бен соқтығысты», - деп баяндады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиға салдарынан «Тойота Камридің» бір жолаушысы қайтыс болып, екіншісі көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Сот алдындағы тергеп-тексеру амалдары басталды.

2021 жылы Павлодар облысының жолдарында 356 жол апаты болып, салдарынан 31 адам көз жұмды. Тағы 504 адам түрлі жарақат алған.


Жоғары қарай