Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысы әкімдігінде қайта құрылған басқармаларға басшылар тағайындалды

2021 жылдың 17 ақпан 2021 17:24

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысы әкімдігінде қайта құрылған басқармаларға басшылар тағайындалды. ҚазАқпарат бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда:

- Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына Айбек Тұрсынғалиев;

- Дін істері басқармасына Дәулет Зәкариянов;

- Цифрлық технологиялар басқармасына Бектас Дәутеков тағайындалды.

Дәулет Зәкариянов 1959 жылы туған. 1993 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан соң Павлодар әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің кеңесшісі болып жұмысқа қабылданды. 1998-2001 жылдары Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бөлім бастығы болды. 2001 жылдан 2003 жылға дейін Павлодар облысы әкімінің аппаратында, облыстық мәдениет және ішкі саясат департаменттерінде лауазымдарды атқарды. 2003 жылы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалып, 7 жыл еңбек етті. 2010-2011 жылдары Дәулет Зәкариянов өңірлік дін істері департаментін басқарды, ал 2012-2015 жылдары Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы болды. 2015 жылдан 2019 жылға дейін дін істері жөніндегі өңірлік ведомствоны қайтадан басқарды. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары болды.

Айбек Тұрсынғалиев 1988 жылы туған. 2008 жылы Шығыс Қазақстан бизнес және құқық колледжін «құқықтану» мамандығы бойынша, 2013 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде экономика және бизнес магистрі дәрежесін алды. Еңбек жолын 2010 жылы елордада «Kulager» құрылыс корпорациясы» ЖШС-да бастады, 2011 жылдан 2014 жылға дейін «Petroleum consultants» ЖШС және «Нұр-Суат» ЖШС-да жұмыс істеді. 2014-2017 жылдары – «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ арнайы экономикалық аймақтарды қаржылық және техникалық талдау департаментінде менеджер болды. 2017-2018 жылдары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары болды. 2018 жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқарды. 2019 жылы Екібастұз әкімі кеңесшісінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. 2019 жылғы қазанда «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға ауысып, онда өңірлермен өзара іс-қимыл департаментінің директоры және басқарушы директор болып жұмыс істеді. 2020 жылғы қазанда Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасын басқарды.




Бектас Дәутеков 1988 жылы туған. 2010 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистратурасын «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру орталығының аға кеңесшісі болып бастаған. 2012 жылдан 2017 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ-да, оның ішінде Павлодар бөлімшесінде жұмыс істеді. 2018 жылы Павлодар облысы әкімі аппаратының ақпараттық технологияларды дамыту және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы болып тағайындалды және осы лауазымда жаңа басқарманың басшысы болып тағайындалғанға дейін жұмыс істеді.


Жоғары қарай