Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде табыс салығына қатысты түзетулерді қабылдады

2020 жылдың 24 қараша 2020 12:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған кезде бір реттік табыс салығын бірден төлемеуге мүмкіндік беретін құжатты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен келісті.

ҚР Парламентінің Сенаты 46 түзету енгізді. Бұл ретте түзетулер Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі шараларды іске асыруға байланысты.

Онда:

- Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде жеке тұлғаларға жеке табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығын беру, сондай-ақ оны есептеу, ұстап қалу және төлеу тәртібін айқындау;

- пандемиядан неғұрлым көп зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілеріне айналымнан бөлшек сауда салығын төлеу құқығын беру мақсатында бөлшек сауда салығының арнайы салық режимін енгізу;

- Үкімет айқындап қойған қызмет түрлерінің тізбесі бойынша экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен салаларындағы микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне бюджетке төленуі тиіс әлеуметтік салық сомасын есептелген әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдар сомасы арасындағы айырма ретінде айқындау құқығын ағымдағы жылдың соңына дейін беру.

«Сенат енгізген түзетілер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды.

Осы айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Сергей Симонов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берген еді. Алайда бұл қаражат үшін табыс салығын төлеу қажет. Дәл осы мәселе қоғамда наразылық тудырды. Сондықтан сенаторлар бұл төлемді кейінге шегеруді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды. Яғни, зейнетақы жинағындағы қаржыны келесі жылдан бастап алуға болады.

«Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керек. Оны қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылып отыр. Оның өзінде, бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.



Жоғары қарай