Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемияның отандық кәсіпкерлерге тигізген салдары анықталды

2020 жылдың 30 қазан 2020 14:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде карантин жағдайына байланысты қазақстандық кәсіпкерлерге қандай көмек көрсету қажеттігі сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияның адамзат өміріне тигізген әсері мен салдары бәрімізге белгілі. Соның ішінде бизнесті де айналып өтпеді. Коронавирус індеті етек жайып, карантин жағдайы енгізілгелі біз қазақстандық кәсіпкерлердің басты проблемасы мен ұсыныстарын айқындадық. Ол алдымен салық төлеу мерзімін шегеру, несие төлеу мерзімін шегеру, коммуналдық және жалға алу төлем мерзімін ұзарту. Сондай-ақ, жұмыссыз қалған қызметкерлерге төлемақы беру. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер төмен пайызбен қайта қаржыландыру мен несие беруді сұрайды», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның мәлімдеуінше, атышулы індет одан әрі етек жайған жағдайда ұлттық палата үкіметпен бірлесіп кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарлама әзірлейтін болады.

«Бүгінде пандемия салдарынан бизнестің барлық бірдей саласы зардап шекті деуге болады. Ал ойын-сауық орталықтары мен кино және банкет залдары әлі күнге дейін жабық тұр. Олардың жағдайы айтпай-ақ түсінікті. Бұл саланың өкілдері қаншама шығынға тап болды. Басқаша айтқанда, 1 млн-ға жуық кәсіпкер немесе еліміздің бизнес саласының 70% пандемияның зардабын тартты. Өздеріңіз білетіндей, кеше өткен кәсіпкерлер палатасының VII съезінде Президент нақты тапсырмалар берді. Осы орайда біз Ұлттық экономика министрлігіне бизнесті қолдауға қатысты нақты ұсыныстар бердік», - дейді ол.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезі өткен еді.



Жоғары қарай