Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемия кезінде қайырымдылық пен волонтерлік жалпыұлттық сипат алды – Болат Тілепов

2020 жылдың 26 қараша 2020 14:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов пандемия кезіндегі қайырымдылық пен волонтерлік жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде қайырымдылық пен волонтерлік жалпыұлттық сипат алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылыққа қаражат бөлу бағытында бизнестің қолайлылығы мен пайдасын қамтамасыз ету үшін қайырымдылық қызметін қолдау жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Азаматтық және халықаралық қауымдастықтың қоғамымыздың ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізу мен өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған күш-жігеріне мемлекет белсенді түрде қолдау көрсетеді. Осының нәтижесінде бүгінгі форумның тақырыбы тәжірибе алмасуға, Қазақстандағы қайырымдылық қызметіне үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге арналады», - деді Б. Тілепов «Қазмедиа» орталығында өткен Донорлар форумының ашылуында.

Вице-министр мемлекеттің, донорлардың, грант беруші ұйымдардың және бизнес пен ҮЕҰ-ның бірлескен күш-жігері қиындықтарды жеңуге көмектесетінін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл короновирус пандемиясына байланысты айрықша кезең болып отыр, ол бүкіләлемдік қауымдастықта үлкен дағдарыс тудырды және барлық дерлік салада адамдар мен қоғамның үйреншікті өмір салтын бұзды. Көптеген елдегі қауымдастықтар оқшауланудан туындаған дағдарыстың алғашқы толқынынан шықты, онда азаматтық қоғам да, бизнес те, халықаралық даму ұйымдары мен мемлекет те өз рөлін белсенді көрсетті. Бұл пандемия үлгісінде анық көрінеді және мұнда халықаралық грант беруші және донорлық ұйымдар ерекше көзге түсті. Компаниялардың өздері қиындықтарға тап болса да, белсенді көмек көрсетт», - деді Б. Тілепов.

Осы орайда Б. Тілепов Қазақстандағы Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігіне (TIKA) Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына қолдау көрсеткені үшін және орталық базасында медиабөлмені жабдықтағаны үшін алғыс білдірді.

Бұл ҮЕҰ үшін айтарлықтай қолдау болды. Мұндай қолдау азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін онлайн форматта нығайту мен кеңейту үшін өте маңызды. Азаматтық бастамаларды да белсенді қолдау маңызды. 2008 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері жөніндегі республикалық форумда Елбасы Н.Назарбаев мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудың орнықты дамудың базалық шарттарының бірі екенін айтты. Пандемияда іскерлік қауымдастықты қолдауды қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тереңдей түсуі тиіс синергияның көрінісі ретінде қарастырамыз. Бүгінгі форум қайырымдылық пен донорлықтың өзекті мәселелерін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге ықпал ететініне және азаматтық қоғамды ілгерілетуге күш-жігерді шоғырландыру жөніндегі пікірлер мен ұсыныстармен алмасу үшін маңызды болатынына сенімдімін», - деді Болат Тілепов.

Айта кетейік, форумды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған. Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның IX Азаматтық форумының қарар жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленеді.

Бұған дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді айтып берген еді.


Жоғары қарай