Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемия кезінде алматылықтар азық-түлікпен қалай қамтылды

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 16:53

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда пандемия жағдайында қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Әкімдік осы мақсатта бірқатар маңызды шараны қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдік қала тұрғындарын үздіксіз азық-түлікпен қамту үшін уақытында ірі өндірушілермен тиімді бағада келісімшартқа отырып үлгерген. Бұл азық-түліктің тұрақтандыру қорын құруға мүмкіндік берді.

Тұрақтандыру қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан бері әлеуметтік тұрғыдан маңызды азық-түліктердің баға индексі 108,1% болған (Қазақстанда – 109%).

Бұдан бөлек «айналым» сызбасы аясында ауылшаруашылық өнімдерін сауда желілері арқылы белгіленген бағамен сату жалғасып жатыр. Биыл қараша айынан бастап жалпы құны 1,5 млрд тг болатын 12 мың тонна «көкөніс қоры» сатыла бастады.

Сонымен қатар, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС-не 1 сұрыпты ұннан әлеуметтік нан өндіру үшін 1 млрд тг көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен дистрибьюторларға несие беру жайы пысықталып жатыр. Ауылшаруашылық өнімдерін тікелей жеткізу ұйымдастырылып жатыр.

Сонымен қатар, бүгінде санитарлық шараларды сақтай отырып, демалыс күндерінде 7 жәрмеңке кезең-кезеңімен өткізілді. Мұнда Алматы облысының қалаға жақын орналасқан аудандарының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері мен Алматы қаласының тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерін базардағыдан төмен бағамен сатып жатыр.

Жақында Алматы, Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің кеңейтілген жәрмеңкелері өтті. Онда 760 тоннадан астам өнім сатылды.

Қабылданған шаралар аясында қаланы негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.


Жоғары қарай