Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстанда үш жылда 48 жаңа университет ашылды

2020 жылдың 20 қазан 2020 18:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстанда үш жылда 48 жаңа университет ашылды. Бұл туралы «Өңірлік деңгейдегі жаһандық Қазақстан Болон процесінде және Еуроодақ жобаларында» Халықаралық онлайн форумында Өзбекстан Республикасының жоғары және орта арнаулы білім вице-министрі Узокбой Бегимгулов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елімізде жоғары білім беру саласында ауқымды реформалар жүріп жатыр. Соңғы үш жылда жастардың жоғары оқу орындарына түсуін арттыру мақсатында 48 жаңа университет құрылды, оның 16-сы шетелдік университеттердің филиалдары. Мысалы: Вебстер Университеті – АҚШ-тағы, Ажу университеті – Корея Республикасындағы; Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – Ресей Федерациясындағы; Amity University – Үндістандағы университеттің филиалы. Біздің университеттер әлемнің 20-дан астам еліндегі университеттермен қос диплом беру арқылы 140-тан астам бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бірнеше жылдан бері Өзбекстанның жоғары оқу орындары Еуропалық Одақтың түрлі білім беру жобаларына белсенді қатысып келеді», – дейді Өзбекстан Республикасының жоғары және орта арнаулы білім вице-министрі Узокбой Бегимгулов.

Оның айтуынша, Өзбекстан мен Еуроодақ елдері арасында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде білім берудің әртүрлі салаларында ұзақ мерзімді университетаралық ынтымақтастық орнатылды. Эразмус + бағдарламасы аясындағы жобалар өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі, атап айтқанда: жоғары білімнің интернационалдануы, жоғары білім сапасын арттыру, кредиттік-модульдік оқыту жүйесін енгізуді қоса алғанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу құралдары мен стандарттарды әзірлеу, республиканың жоғары оқу орындарында шетелдік оқытушылардың дәрістерін ұйымдастыру, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру.

Сонымен қатар, ол Эразмус + жобаларын іске асыру білім беру үдерісін ғылыммен және өндіріспен үйлестіруге ықпал ететіндігін айтты.


Автор Зарина Қаһарман
Басты сөздер: Білім, Өзбекстан,
Жоғары қарай