Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстанда мемлекеттік медициналық сақтандырудың ілкі жобасы енгізілуде

2021 жылдың 27 сәуір 2021 22:57

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 1 шілдеде Өзбекстанның Сырдария облысында денсаулық сақтау жүйесі мен мемлекеттік медициналық сақтандыру механизмдерін ұйымдастырудың жаңа моделін енгізу бойынша ілкі жоба іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сырдария облысына пресс-турда журналистерге Өзбекстанның Мемлекеттік медициналық сақтандыру қорының өкілдері айтты.

«Сақтандыру медицинасын енгізудегі негізгі мақсат – халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасы, тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің ауқымын кеңейту, аталмыш салаға жаңа қаржы тетіктерін кезең-кезеңмен енгізу, медициналық қызмет нарығында заманауи бәсекелес ортаны қалыптастыру, халықтың кепілді және сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз ету», - деді презентация барысында қор директоры Фаррух Шарипов.

Сырдария облысы әкімдігіндегі брифингте медициналық сақтандыру қорының өкілдері өңірдің медициналық реформалар алдында тұрғанын айтты. Пилоттық жоба 2021 жылдың шілдесінен бастап 2022 жылдың аяғына дейін жүзеге асырылады. Ол мынадай 5 компонеттен тұрады: медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру, денсаулық сақтауды басқару, денсаулық сақтауды қаржыландыру, жобаларды цифрландыру және басқару.

«Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудың жаңа моделін енгізу медициналық қызмет сапасын науқастардың қаражатынсыз көтеруге мүмкіндік беретіндігі қуантады. Әр адам өз денсаулығын қорғау құқықтарын біліп, кепілді мемлекеттік қызметтер пакетін қолдануы керек.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) саласын реформалау бойынша бүрынғы жасалған істер елде оң нәтиже көрсетіп үлгерді. Нәтижесінде МСАК-тың географиялық қолжетімділігі кеңейіп, тіпті ауылдық жерлерді қосты.

Дегенмен әлі ауыл мен қалалардағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында сапалы медициналық көмекті қолжетімді етіп, теңсіздікті жеңу үшін көптеген жұыстар атқару қажет», - деп толықтырды Сырдария облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Юлдашев.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдың 12 қарашасында құрылды. Сырдария облысындағы мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі пилоттық жоба нәтижесіне сай 2023 жылы Өзбекстанның өзге өңірлеріне кезең-кезеңмен енгізіледі деп күтілуде.







Авторы Мәдибек Жәнібеков


Басты сөздер: Әлем, Өзбекстан,
Жоғары қарай