Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстан Түркістанға сый ретінде 5 мың орындық мешіт салуда

2021 жылдың 3 тамыз 2021 16:48

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласына кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтеріп жатыр. Жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған.

Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыс нақышында жүргізілуде. Жаңа жоба жан-жақты зерделеніп, әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген.

Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 мың шаршы метр.

Айта кетейік, бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда облыс орталығының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Облыс әкімі «Yassy Tower» бизнес орталығының құрылысымен де танысты. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан заманауи ғимараттың 13 қабатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Өмірзақ Шөкеев Түркістанда салынып жатқан әлемдік стандарттарға сай Мұз айдынында болды. 1200 адамға лайықталған Мұз айдыны келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.























Жоғары қарай