Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Отырғызылған көшеттердің қанша пайызы жерсініп кетеді: Министрлік жауабы

2021 жылдың 7 желтоқсан 2021 19:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел аумағында жыл сайын көктем мен күзде ағаш отырғызу акциясы қарқынды жүріп келеді. Осы орайда сол отырғызылған ағаш түптерінің қанша пайызы жерсініп, нәтижесін беріп жатыр? Бұл сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздегі отырғызылған ағаш түптерінің жерсіну көрсеткіші 65% құрайды. Егер жыл құрғақ немесе қатты аяз болса, онда көшеттер өспей қалуы мүмкін. Өспей қалған жағдайда ол жерде сол ағаш немесе басқа өсімдік түрі отырғызылады. Осы жайттарды ескере келе біз 65% деп болжам отырмыз. Жалпы егілген ағаш көшетінің тіршілігін жалғастыруы климаттық жағдайларға байланысты», - деді А.Шалабекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде ел аумағында негізінен сексеуіл, қарағай, қайың, шегіршін және тағы ағаш түрлері отырғызылып жатыр.

«Мысалы, сексеуілді алсақ оның жерсінуі қиын, шамамен 20-25% ғана ұласып өсіп кетеді. Өздеріңіз білетіндей, аталған ағаш түрі шөлейтті аумақтарда өседі. Сондай-ақ, біз бүгінде Арал теңізінің құрғап қалған орнында ағаш отырғызумен айналысып жатырмыз. Ол жерде сексеуілдің жерсініп кету көрсеткіші 20-25% аспайды», - дейді ол.

Сондай-ақ, вице-министр отырғызылған ағаш көшеттерінің өсуі күтімге де байланысты екенін айтып өтті.


Жоғары қарай