Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Отырарда мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-кеңес өтті

2019 жылдың 9 қазан 2019 19:37

ОТЫРАР. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов бастаған топ Түркістан облысы Отырар ауданына арнайы іс-сапармен келді. Қонақтар аудандағы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерімен семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинарда арнайы баяндама жасаған Болат Әлмұханұлы Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы өзі басшылық ететін салаға жүктелген міндеттерге ерекше тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, келген хаттарға дер кезінде жауап беру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы берілетін құжаттардың 70 пайызын орталыққа бармай-ақ алуға болатындығын, алайда көпшілік электронды форматқа көшудің тиімділігін өз дәрежесінде пайдаланбай отырғандығын сөз етті.

Семинарда сөз алған аудан әкімдігінің аппарат басшысы, Отырар ауданы бойынша Әдеп жөніндегі өкіл Айдос Мәулен Әдеп кодексі заңнамаларын сақтау және мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы беделін арттыру мәселелерін айтып өтті. Қызмет барысындағы қарым-қатынас мәдениетін сақтау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптасыру бағытында хабарлама жасады.

Жиын барысында көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға департамент мамандары жан-жақты жауап қайтарды.

Семинардан соң департамент басшысы мен қызметкерлері аудандағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коорпорациясы КЕАҚ Түркістан облысы бойынша Отырар аудандық бөлімі, аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығы», Қоғам ауыл округі әкімі аппараттарында болып, аталмыш мекемелердің жұмыстарымен танысты.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында болған департамент басшысы Болат Исақов аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың сауалдарына тұщымды жауап берді.

Жоғары қарай