Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Отандық тауар биржасы қалай дамытылады

2021 жылдың 4 қазан 2021 11:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінде биржалық сауданы дамытуға бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр. Талқылау аяқталғаннан кейін құжат жобасы төменгі палатаның жалпы отырысына шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар бекітілген болатын.

Аталған жоспардың 46-тармағына сәйкес ҚР Сауда және интеграция министрлігі тауарлық биржалар қызметін реттеуді жетілдіру заңнамасы бойынша іс-шара бекіткен еді.

Биржалық сауданы дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін министрлік биржалық сауданы жетілдіру мен дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын әзірледі.

Аталған заң жобасы үш негізгі бағытты, атап айтқанда, тауар биржасы қызметінің талаптары мен ашықтығын арттыруды; биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелес орта мен шарттарды қалыптастыруды, биржалық сауда көлемін ұлғайтуды көздейді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілді. 17 мамырда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасын қарауға алды. Аталған комитеттің 2021 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР Парламентінің Мәжілісінде конференц-байланыс режимінде заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының 3 отырысы өтті», - деп атап өтеді ҚР Сауда және интеграция министрлігінен.

Ведомство мәліметінше, құрамында министрліктер мен бизнес өкілдері, Мәжіліс депутаттары бар жұмыс тобы «Тауар биржалары туралы» ҚР Заңына өзгертулер және толықтырулар енгізу жөніндегі жекелеген норманы талқылады.

«Жұмыс тобының отырыстары аяқталғаннан кейін заң жобасы комитет отырысында қаралып, содан кейін Мәжілістің жалпы отырысына жіберіледі. Заңнамаға аталған толықтыруларды енгізу қолжетімділікті жақсартуға және биржалық сауданың көлемін ұлғайтуға, жаңа, оның іщінде шетелдік серіктестерді тартуға, бәсекелестік ортаны құруға, шынайы бағаларды орнатуға, биржалық мәмілелердің анықтығын қамтамасыз етеді. Осының бәрі бірігіп, тұрақты және бәсекеге қабілетті отандық биржа саласын қалыптастырады», - деп түсіндіреді министрліктен.


Жоғары қарай