Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Отандық көлік операторларының үлесін арттыруға арналған құжат қабылданды

2021 жылдың 21 қаңтар 2021 10:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған Хаттама екіжақты және транзиттік, сондай-ақ үшінші елге/елдерден автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат жүйесін енгізуді көздейді.

«Қазіргі кезде екі ел арасында қауіпті жүктер мен ауыр салмақты жүктерді қоспағанда, автокөлікпен екіжақты, транзитті және үшінші елдерге жүк тасымалдау рұқсатсыз негізде жүзеге асырылады. Рұқсатсыз жүйе автомобиль тасымалын орындау кезінде Грузияның көлік операторларына басымдық беріп, ұлттық тасымалдаушылардың мүддесін толықтай қорғауға мүмкіндік бермейді. Атап айтқанда, 2020 жылы экспорт-импорт бағытында тасымалданған 18 мың 96 тонна жүктің 29 пайызы отандық тасымалдаушылар еншісіне келсе, 57 пайызын грузин көлік операторлары тасымалдады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.


Осындай жағдайдың басты себептері:

- Грузияда халықаралық тасымалдағы автокөлік паркі артқан. Еліміз паркі 7 мың 754 болса, Грузияда 8 мың 901-ге жетті;

- соңғы кездері Грузия аумағында Грузия-Түркия, Грузия-Украина сияқты бірлескен автотасымал кәсіпорындары ашылды;

- Грузия елінің теңізге шығуға мүмкіндігі бар.

«Сондықтан рұқсат жүйесін енгізу екі ел арасындағы автокөлікпен жүк тасымал нарығында тепе-теңдікті орнатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, отандық көлік операторларының тасымалдағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Үшіншіден, отандық тасымалдаушылар таситын жүк көлемі ұлғайып, олардың табысы артады. Аталған Хаттаманы ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді», - деді министр.


Жоғары қарай