Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

«Отандастар» қоры Түркиядағы қандастардың бизнесімен танысты

2019 жылдың 31 шілде 2019 15:33

ТҮРКИЯ. ҚазАқпарат - «Отандастар» қорының бизнес және жобаларды акселерациялау бойынша атқарушы директоры Данияр Байғараев бастаған делегация Түркияда тұратын қазақ бизнесмендерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кездесуге «El Tiregi» Қазақстанның шағын және орта бизнесі қауымдастығының Басқарма төрағасы Асқар Әубәкіров пен «КАТКА» қазақстан-түрік кәсіпкерлері қауымдастығының бас хатшысы, «Business & Travel Central Asia» атқарушы директоры Дінмұхаммед Зиятбеков, сонымен қатар бизнеске инвестиция тарту және дамыту ісі бойынша шақырылған сарапшылар қатысты. Шара «Отандастар» қорының Түркиядағы қандастармен 31 шілде күні ұйымдастырған бизнес форум аясында өтті. Кездесудің басты мақсаты - қазақ бизнесмендердің бизнесін Түркиямен қатар Қазақстан нарығында да дамытуға қажетті қолдауды талқылау», - делінген «Отандастар» қорының ақпаратында.

Қазақстандық делегация аралап көрген отандастар кәсіпорындарының бірі - дастархан шығарумен айналысатын «Акйол» компаниясы. 50 жылдық тарихы бар компания толық автоматтандырылған. Экспорттық әлеуеті жоғары. Компанияда бүгінде жұмыс істейтін 38 адамның басым бөлігі этникалық қазақтар. Компания басшысы Эюп Акйолдың өзі 20 ғасырда Түркияға қоныстанған қазақтардың ұрпағы екен. Тарихи Отаны, бауырлар жайында тебірене толғанған ол, өз жинаған тәжірибесі мен білімін осы бизнеспен айналысқысы келген немесе Қазақстанда филиал ашуға ниеттенген кез келген отандасына беруге дайын екенін жеткізді. Акйол мырзаның өзі бизнесін 10 жылдан астам уақыттан бері тарихи Отанда ашуды жоспарлап жүргендіктен, делегацияның келгендігіне және Қазақстанның Түркия азаматтары-этникалық қазақтарға көмектесуге мүдделі екендігіне өте қуанды.

Делегацияның ат басын тіреген келесі жері дастархан, линолиум, шанақ бөлшектерін жинақтап, сәндік безендіруді өндірумен және қайта өңдеумен айналысатын компания болды. Компанияны екінші буынды эмигрант, этникалық қазақ Ифран Севенчан басқарады. Өндіріс соңғы өнімдерінің өзіндік құнының төмендігі, сапасының жоғарылығы арқасында Ыстанбұлдағы ұқсас өнімдер арасындағы көшбасшылардың бірі болып танылған. Бүгінде компанияда 10-ға тарта адам жұмыс істейді. Ендігі жоспар - Алматыда филиал ашу. Диаспора өкілдерімен іскерлік байланысты дамыту туралы жаңалықты Севенчан мырза зор қуанышпен қарсы алды. Оның айтуынша, этникалық қазақтардан шыққан көптеген бизнес өкілі іскерлік байланыс орнатуға және жаңа рынокты зерттеуге мүдделі.




Бұдан кейін делегация киім мен оның ерекшеліктерін, сумкалар және портфельдерді әшекейлеумен айналысатын компанияға барды. Компанияны қазақ диаспорасының мүшесі, Түркияда туған Омер Чорухлу басқарады. Компанияның өндірістік қуаты мол және өнімдерін АҚШ, Еуропа, Эфиопия, мен ТМД елдеріне шығарады. Компания Қазақстан қалаларының бірінде өкілдігін ашуға қазірдің өзінде дайын. Делегация сапарын Қазақстан нарығына шығуға мүдделі, күртеше, тон, тұлып тігумен және сатумен айналысатын Түркияның азаматы, отандасымыз Мұстафа Акюздың кәсіпорнымен танысумен аяқтады. «Делегация өкілдері отандастарды бизнесті дамытуда және жүйелі негізде берік іскерлік байланыс орнатуда мүмкіндігінше қолдау болатынына сендірді. Басты міндеті Қазақстанмен қатар шет елде бизнес жобаларды іздеу және дамытуға көмек көрсетуге бағытталған «Атамекен» іскерлік үйін құру жобасы туралы айтты. Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша дүниежүзілік Қазақ үйі құрамына кіретін жоба саясат пен коммерциядан тыс болады», - делінген қордың баспасөз баянында.

Жоғары қарай