Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Өскеменде теріс діни ағымның кітаптарын таратқан ер адам ұсталды

2022 жылдың 17 мамыр 2022 14:59

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында теріс діни ағымның кітаптарын таратқан 32 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскеменде тыйым салынған діни кітаптарды таратумен айналысқан 32 жастағы тұрғынды қолға түсірді.

«Оның үйін тінту барысында «Салафия» атты деструктивті діни бағыттағы 17 кітап пен 8 диск табылған. Тәркіленген заттар облыстық Дін істері басқармасының мамандарына сараптама жүргізуге жіберілді», - делінген хабарламада.

Өскемен қаласының әкімшілік соты ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 4-бөлігі (Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiкке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтер мен материалдар қамтылған, бұқаралық ақпарат құралдарына жатпайтын өзге де өнiмдi ҚР аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) бойынша жауапқа тартты. Осы баптың санкциясына сәйкес оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да бала тасымалдау ережесін бұзған 717 жүргізуші жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.


Жоғары қарай