Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Өскемен-Алтай» тасжолындағы жөндеу жұмыстары тым баяу - Даниал Ахметов

2021 жылдың 14 қыркүйек 2021 16:29

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Өскемен-Алтай» тасжолындағы жөндеу жұмыстарының тым ұзаққа созылып кеткендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және «Қазақавтожол» ЖШС өкілдерімен кеңес өткізді. Қазір өңірде республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін бірқатар жоба іске асырылып жатыр.

«Осы жұмыстардың тиімділігі мен сапасын бағалау өте маңызды. 2022 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған жобаларды дайындау қажет. «Өскемен-Алтай» тасжолының Октябрьский ауылынан кейінгі учаскесінде жөндеу жұмыстары тым баяу жүргізіліп жатыр. Жазда облысқа автокөлікпен келген туристер жол азабын тартты. Бұлай созуға болмайды. Мен «Қазақавтожол» кәсіпорнына нақты жұмыс кестесін әзірлеуді тапсырдым», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, Зайсан ауданына апаратын республикалық тасжолдың жұмысына қатысты қытайлық мердігер компания мен қазақстандық қосалқы мердігер компания арасындағы дауларды шешу қажет.

«Осинов асуын» айналып өтетін жол құрылысының мәселесіне келетін болсақ, бұл республикалық жоба. Бұған мүмкіндігінше тезірек жаңа тендер жариялау керек. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мәлімдегендей, жобаға түзету енгізілген. Жол құрылысы жұмыстарын аяқтауға 12 миллиард теңге бөлінді. Конкурс жарияланып, оның қорытындысы бойынша мердігер анықталуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Келесі жылы Катонқарағай ауданында төрт ағаш көпірді темір бетон көпірге ауыстыру жұмыстары басталмақ. Үш жыл бұрынғы жобаларға бірқатар түзету енгізіледі.

«Омбы – Майқапшағай» тасжолын, Қайнар ауылына апаратын жолды, «Ақсуат – Аягөз» және «Әуезов – Шар» учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау кезек күттірмейтін мәселе. Бізге алда атқарылуы тиіс жобаларды жоспарлау үшін нақты жұмыс кестесі қажет. Ең алдымен аймақтың белгілі бір автомобиль жолдарындағы қозғалыс қарқындылығын ескеру керек», - деді Даниал Ахметов.



Жоғары қарай